Қаңғыбас иттердің күтімі үшін жылына 450 млрд теңге қажет болады — вице-министр

Қаракөз Амантай 21 нояб. 2024 13:22 223

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев қаңғыбас иттерді күтіп-ұстау мәселесіне байланысты жыл сайын 450 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нұркен Шәрбиев 2022 жылы 247 мың ит ұсталғанын алға тартып, оларды стерилизациялау, вакцинациялау және күтіп-ұстау үшін бір жылға шамамен 16 млрд теңге қажет болғанын жеткізді. Айтуынша, қаңғыбас иттерді табиғи өліміне дейін арнайы орындарда ұстайтын болсақ, шығын көлемі айтарлықтай өседі.

“Егер бір итті күтіп-ұстауға күніне 5000 теңге кететінін ескерсек, 2022 жылы ұсталған иттердің өзіне бір жылда шамамен 450 млрд теңге қажет болады. Бұл сомаға стерилизация, вакцинация, күтім, сондай-ақ иттерді тіркеу шығындары кіреді”, – дейді Нұркен Шәрбиев.

Аталған мәселе Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы бойынша өткен дөңгелек үстел отырысында талқыланды. Қаңғыбас иттерді басқарудың экономикалық тиімді әрі адам өміріне қауіпсіз жолдары іздестіріліп жатыр.

Айта кетеейік, Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы қаңғыбас жануарлардың адамдарды тістеу жағдайы 22 мың рет тіркелген болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 50 мыңға жеткен. Ал биыл бұл сан одан да жоғары болуы мүмкін. Әкімдіктердің мәліметтері бойынша, адамдарды тістеу оқиғаларының 65%-ына қаңғыбас иттер себеп болған.


Рекомендовать
Последние новости