«Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының ақтық кезеңі басталды

Dalanews 04 мая 2023 12:15 952

Елордада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы жеңіс күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған дәстүрлі «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының ашылу салтанаты өтті.

Ақтық кезеңнің басталғанын айшықтайтын салтанатты іс-шараға партия Хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Қорғаныс министрінің өкілдері, Парламент депутаттары және қарулы күштердің ардагерлері, танымал спорт жұлдыздары қатысты.

«Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанына бәріміз куәміз. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Дәстүрге айналып келе жатқан «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң. Былтыр іріктеу кезеңіне 1700-ге жуық жас азамат қатысқан болса, биыл қатысушылар саны 3000-нан асты», – деді Дәулет Кәрібек.



Сондай-ақ, партия Хатшысы ақтық кезеңнің алдында жастардың жігерін жанып, олардың бар күш-жігерін салатынына сенім білдірді. «AMANAT»-тың Саяси тұғырнамасында елімізді, жерімізді қасық қанымыз қалғанша көздің қарашығындай қорғауымыз керек екені анық жазылғанын атап өтті.

 

«Жастар – егемен еліміздің болашағы. Сондықтан бүгінгі іс-шара бәріміз үшін маңызды. Әрқайсыңыз тәрбиелі, білімді, мәдениетті, намысты азамат болып өсіп келе жатқандарыңызға сенімдімін. Сіздерге тек сәттілік және жарқын жеңіс тілеймін. Осы орайда, «AMANAT» партиясына және бұл іс-шараның өтуіне атсалысқан азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов.

Еске сала кетейік, партияның жастар қанаты аталған жобаны іске қосатынын былтыр «AMANAT»-тың кезектен тыс XXII съезінде мәлімдеген болатын. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған іс-шараның аймақтардағы іріктеу кезеңі 15-25 сәуір аралығында өтті.

«Еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастар жиналды. Сіздер өз өңірлеріңізде қатардан қара үзіп, бүгінгі ақтық кезеңге жолдама алып келдіңіздер. Ал енді елорда төрінде жеңіске жету үшін осыған дейін жиған білім-біліктеріңізді, дара дағдыларыңызды, төзімдеріңізді танытасыздар деген ойдамын. Тіпті, араларыңызда болашақ Отан қорғаушылар, сержанттар мен офицерлер тұрғанына сенімдімін», – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлері соғыстағы ұрыс барысын бейнелейтін көрініс қойды. Ал әлемге танымал атлет Сергей Цырульников  жастардың алдында өз күшін көрсетіп, жиналған көпшілікті тәнті етті.

«Мен үшін бәрің жеңімпазсыңдар. Ел қорғау – қасиетті борыш. Өздеріңдей өрендер елімізге қашан да қажет. Біз ақылды, сабырлы, санасы сергек, ойы ұшқыр жастарға қарап сүйсінеміз. Әрдайым қайсар, өжет, алғыр болыңдар. Ата-бабадан аманат болып қалған атамекенімізді қорғай біліңдер. Абыройларың аспандай берсін», – деді Қарулы күштер ардагері, контр-адмирал Ратмир Комратов.


Ақтық кезеңге жолдама алған жастар екі күн бойы елордада түрлі сынақтан өтіп, өзара бақ сынасады. Яғни, олар қашықтыққа жүгіріп, арнайы әскери жаттықтырушылар дайындаған кедергілермен жүріп өтеді. Сондай-ақ, саптық дайындық деңгейлерін танытып, «Менің елім – Қазақстан» атты әскери-танымдық викторинада білімін шыңдайды.



 

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Суретті түсірген Әли Ғалым

Рекомендовать
Последние новости