Прокурор Тұңғышбай Жаманқұловқа шартты жаза сұрады

Dalanews 22 мая 2017 15:49 1399

Бүгін Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер сотында кино түсіруге бөлінген мемлекет қаржысын жымқыру ісі бойынша айыпталған танымал актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша сотта жарыссөз басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотта айыптаушы прокурор "Феникс" көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырды" деп айыпталған бірнеше адамға сұрайтын жазаларын оқыды.

Прокурор Тұңғышбай Жаманқұловты 7 жыл 6 айға соттауды, бірақ Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық бойынша жаза мерзімін 3 жыл 7 айға азайтуды және жасы жеткенін ескеріп шартты жаза кесуді сұрады. Прокурор фильмге режиссер болған Талғат Жәнібековті алты жыл шартты мерзімге соттауды сұрады.

"Феникс ісіне" байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адамға "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген қаржыны жымқырған" деген айып тағылған.

Прокурор "Қазақфильм" компаниясының топ-менеджері Гауһар Ысқақованың айыбын "Қазақфильм" қызметкері ретінде фильмнің қаржылық есебін қабылдап алған, бірақ одан ақша алмаған" деп жеңілдетіп, шартты жаза кесуді сұрады.

Жарыссөз кезінде сөз берілген Тұңғышбай Жаманқұлов қылмысын мойындамайтынын, "қаржы жымқыру қылмысының басында өзі тұрмағанын" айтты. Ол соттан өзіне қатысты істен "қасақана ұйымдастырды" деген сөзді алып тастауын сұрады.

Бұған дейін Азаттық тілшісімен сөйлескен Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің "тергеу кезінде алданып қалғанын" айтқан. Ол киноға тек идеялық жағынан басшылық жасап, мемлекет тарапынан бөлінуіне араласқанын, ал оған бөлінген қаржыға атқарушы продюсер, бухгалтер, қаржыгерлер жауап юберуі тиіс екенін айтқан.

Асылхан МАМАШҰЛЫ

Рекомендовать
Последние новости