Президент тапсырмасы: 2023 жылдың соңына дейін «Жылы жағажай» мен Сарша елді мекені газбен қамтылады

Dalanews 28 окт. 2022 04:08 997

Бүгінде Маңғыстау облысында "Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін қайта құру" жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба "QazaqGaz" ҰК АҚ есебінен қаржыландырылып, Сарша елді-мекені мен "Жылы жағажай" курорттық аймағын газбен қамту мәселесін толықтай шешетін болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауды газбен қамту жағдайына ерекше назар аударған болатын. 2021 жылдың қыркүйегіндегі облысқа жұмыс сапары барысында Президент Сарша аумағынан бастап “Жылы жағажай” аумағына дейін газ құбырын тарту осы аумақта орналасқан Құрық елді-мекенін және ондағы өндірістік, курорттық нысандардарды да газдандыруға мүмкіндік беретінін атап өткен еді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуы мен туристік әлеуетінің гүлденуіне тың серпін беретіні жоба.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың тамыз айында Маңғыстау облысындағы Құрық ауылынан Сарша елді-мекеніне дейін газ құбырын тарту жұмыстары басталды.

Қазірдің өзінде 7 шақырым құбыр тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтаусыз жүруде. Құрылыс алаңына 9170 метр пластик құбырлар жеткізіліп, 11500 метр жер асты қазу жұмыстары қолға алынған. Жобаның тапсырыс берушісі – "ҚазТрансГазАймақ" АҚ, бас мердігері – «Қағам» ЖШС.

Жоба 2023 жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарланған.

Рекомендовать
Последние новости