Саясаткер Дос Көшім жуырда ұсталған Перизат Қайраттың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қоғам қайраткерінің сөзінше, қайырымдылық қорларының жұмысына баға беру өте қиын.
"Республикалық ұйымдарды басқардым. Сол уақытта Америкадан, халықаралық ұйымдардан ақша табатынмын. Ол ақшаны өзім ұстамаймын. Себебі сол ұйымның басшысымын, атқарушы директор бар, атқарушы директор ақша ұстайды. Мен теледидарға шығып сөз сөйлеймін, шетелге барамын. Сондықтан Перизат Қайрат шындығында да сол ұйымның басшысы болса, ақшаны мүлдем қолына ұстамауы керек. Қанша ақша түскенін атқарушы директор айтады. Жалғыз өзі шешпейді. Ұйымдық деңгейде бірлесе отырып шешеді", - дейді Дос Көшім STAN KZ-ке берген сұхбатында.
Саясаткер кез келген ұйымда тексеру комиссиясы болуы керек екенін, бұл комиссия жыл сайын тексеріс жүргізіп отыруы қажет екенін жеткізді.
"Екінші мәселе, кез келген ұйымда тексеру комиссиясы болады. Көбіне үш адамнан болады. Тексеру комиссиясы жылдың аяғында міндетті түрде тексереді. Ертең 1,5 млрд ақша жоғалды десе, Перизатты емес, тексеру комиссиясының адамдарын қоса "не көздерін жұмып отырды, не болмаса бірге жеді" деп соттау керек", - деді ол STAN KZ-ке берген сұхбатында.
Сондай-ақ, Дос Көшім мұндай ұйымдар жыл сайын аудит жүргізуі қажет деген пікірде.
"Кез келген қоғамдық ұйымдық болсын, кез келген фирма болсын әр уақытта аудит жасайды. Мен республикалық ұйымды басқарған уақытта жыл сайын шамасы 3000 доллардай ақша беріп, бухгалтер жалдап, аудит жасайтынмын. Өйткені басқа жақтан келген бухгалтерия біздің бухгалтерияны тексереді. Себебі мен басқаратын ұйымдардың бәрі мемлекетке жақпайды ғой. Сондықтан артымнан түсіп, "мемлекетке осынша салық төлеген жоқсыңдар" деген нәрсені шығарады да, біздің ұйымды жабады. Сол ұйымды жаппас үшін әр уақытта тексеріп отыруым керек", - деді саясаткер STAN KZ-ке берген сұхбатында.
Перизат Қайраттың ісі бойынша оқиға хронологиясы
ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
"Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінд", — деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі бұған дейін.
Мәліметке сүйенсек, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына жұмсалған.
«Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алды. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған», - деп жазылған агенттік мәліметінде.
Артынша ҚМА оның заңсыз әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады.
"2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. «Sensata Plaza» элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге «Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic» жаңа автокөлігін сатып алды. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі БАӘ—де «Rolex», «Prada» және «Fendi» брендтік бутиктерінен зергерлік бұйымдарды, сағаттар мен киімдерді сатып алуға жұмсалды", - деп жазылған хабарламада