Отрарлық шаруаларға ауыл шаруашылығы техникаларын қол жеткізудің жолы түсіндірілді

Dalanews 11 окт. 2018 06:27 832

Бүгін Отырар ауданы әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында ауылшаруашылығы техникалары мен жабдықтарын лизингке қаржыландырудың бағыттары мен шарттары түсіндірілді.

«Ырыс» микроқаржы ұйымы Түркістан облысында жаңадан «Ырыс-өркендеу» бағдарламасын іске қосқаны белгілі. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба бойынша енді ұйым шаруаларға аванстық төлемсіз қаржылық лизинг түрінде қолдау көрсетеді. Бұл жайында «ОNTUSTIK» аймақтық инвестициялық орталығы» басқармасы төрағасының орынбасары Темур Абильдинов отырарлық шаруалармен түсіндіріп берді.

Жиында «Ырыс» микроқаржы ұйымы директорының орынбасары Ерлан Ержанов аталған бағдарламаның ерекшелігі және артықшылығы туралы баяндады. Ол өз сөзінде:

– Бүгінде шаруалардың ауылшаруашылығына арналған жаңа техникаларды 9 пайызбен 84 айға, яғни, 7 жылға 10 млн теңгеге дейін кепіл мүліксіз лизингке алуға мүмкіндік туып отыр. Осы бағдарлама бойынша кәсіпкерлер ауылшаруашылығы мақсатындағы және ауылшаруашылығы техникаларына қажетті жабдықтарды сатып ала алады. Мұнда алдын ала төлем ретінде 25 пайыз инвестициялық субсидия төленеді. Лизингке Түркістан облысында кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғалар, шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер және ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері қол жеткізе алады, – деді.

Жиын барысында шаруалар ұйым басшыларына өздерін толғандырған көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Сөз барысында аудан басшысы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған еліміздегі «шағын орта бизнесті» дамытудың маңыздылығын айта келе, «Ырыс-өркендеу» бағдарламасы шаруалардың мемлекеттік қолдаулар мен жеңілдіктерді тиімді пайдалануына үлкен мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Жалпы Отырар ауданында 2018 жылдың 8 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 8 млрд 57 млн 100 мың теңгені құраған. Ол 2017 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 103,3 пайызды құрады. Сондай-ақ ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарында 11 млрд 944 млн 800 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 104,7 пайызға жетті. «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін жалпы сомасы 1 млрд 519 млн 800 мың теңгені құрайтын 952 жобаны қаржыландырса, оның 61 жобасы 2018 жылдың 9 айына тиесілі болып отыр.


Рекомендовать
Последние новости