"Оператор РОП-тың" директоры суицид жасаған жоқ, оны өлтіріп кетті - саясаткер Боқаев

Dalanews 10 апр. 2023 08:45 1189

Саясаткер Санжар Боқаев "Оператор РОП-тың" директоры Руслан Шәмшиевтің өз-өзіне қол жұмсағанына күмән келтірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Шәмшиевті әлдекімдердің қасақана өлтіргеніне сенімді. Мәскеудегі тәуелсіз сараптама орталығы осындай ұйғарымға келген. Сараптама нәтижесін жария еткен саясаткер, марқұмның желке тұсында әлдебір ауыр затпен ұрғаннан пайда болған ісік анықталған дейді.

Салдарынан Шәмшиев есінен танып қалған, бұдан бөлек марқұмның алқымында алақан іздері бар, соған қарағанда оны біреулер буындырған болуы мүмкін.

Сөй деген Санжар Боқаев:

"Шәмшиев суицид жасаған жоқ, оның ажалы адамнан келді. Тергеушілер бір жыл бойы марқұмның туған-туыстарын адастырып келген. Оның денесіндегі айғақтар Шәмшиевтің өздігінен асылып өлмегенін растайды. Мәскеулік сарапшылар мұндай ұйғарымға келген қазақстандық әріптестердің шешімін жоққа шығарып отыр. Ілгерідегі фактілерді есепке ала келе, оның өз-өзіне қол жұмсамағанын көреміз", – деді.

Саясаткер осы орайда Бас прокуратура мен ІІМ-нен жаңа сараптаманың нәтижесін тергеу ісіне енгізуді талап етуде. Тергеудің өзін "қылмыс" санатына көшіріп, істі қайта қарау қажет.

Шәмшиевті қасақана өлтірген болса, құқық қорғау органдары бұған тапсырыс беруші мен орындаушыны анықтауға міндетті.

Оның пікірінше, осы іске тұмсық тыққан ықпалды шенеуніктің бірі – істің әділетті тергелуін қаламайды, олай болса өзінің былығы әшкере болады деп алаңдайды.

"Сол себепті соңғы сараптама нәтижесін қаперге алмай, істің "қылмыстық" санатқа көшуіне кедергі келтіріп отыр", – дейді Боқаев.


Назарбаевтың сүт кенжесі Әлия Назарбаева иелік еткен атышулы "Оператор РОП-тың" атқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің былтырғы жылдың 26 қазанында суицид жасағаны хабарланған еді. Бұрын Шәмшиев "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында, көлік прокуратурасында, сондай-ақ кеден органдарында жұмыс істеген. Астана полициясы "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша іс қозғаған.

...

Бұған дейін "Оператор РОП"- тағы қаржы жымқыру ісіне байланысты сот отырысында айыпталушылардың бірі, компанияның экс-қаржы директоры Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваны сотқа шақыруды талап еткен.

Әлия Назарбаева "Оператор РОП" компаниясының құрылтайшысы болған. Темірбектің сөзінше, Назарбаеваның ақша алғанын дәлелдейтін құжаттар бар.

Сот отырысында Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваның Recycling Company арқылы 5,8 миллиард теңге, өзге де компаниялар арқылы тағы 5 миллиард теңге алғанын мәлімдеді.

"Егер тергеу Назарбаева Әлияның ақшаны бір қалтасынан екінші қалтасына салуын ұрлық деп есептесе, неге оны тым болмағанда куәгер ретінде тергемейді. Әрине, Елбасының қызын тергеуге шақыру Антикордың қолынан келмейді", – деді Темірбек. 


Сондай-ақ айыпталушылардың бірі украиналық Светлана Коротенконың адвокаты экс-президенттің кіші қызы құрылтайшы ретінде ақшаның жұмсалуына қатысты шешімдер қабылдағанын айтады.

"Осы іс бойынша тыйым салынған зауыт Назарбаеваға тиесілі. Зауыт заңсыз ақшаға салынғандықтан, тәркіленуі ғажап емес. Ол іске мүлдем араласып жатқан жоқ. Дегенмен бұған дейін бірнеше рет Әлия Назарбаевадан жауап алуды талап еткенбіз", – дейді Коротенконың қорғаушысы.

Рекомендовать
Последние новости