Оңтүстікте биыл ата-ана қамқорлығынсыз қалған 90 балаға үй беріледі

Dalanews 01 июн. 2018 04:10 965

Оңтүстік Қазақстан облысында 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін» атты іс-шарасы ұйымдастырылды. Мерекелік жиында балалар үйінде тәрбиленіп жатқан 350-ге жуық жеткіншекке сый-сияпат жасалды. Шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтады.



– Елбасымыз өз сөзінде ұрпақ болашағына аса мән беріп, «Елімізде туылған әрбір баланы мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс» деген болатын. Міне, осы бағытта облыста мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016-2017 жылдары 142 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға үй берілді. 2018 жылы 90 бала үйлі болады. Сондай-ақ, жыл сайын балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жоғарғы оқу орындарына облыс әкімінің білім гранттары бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 95 грант бөлінсе, биыл 100 грант бөлінеді. Білімді болыңдар! Сендердің еліміздің беделді азаматы болатындарыңа кәміл сенемін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.



Сондай-ақ, аймақ басшысы түрлі байқауларда топ жарып жүрген өнерлі балалар үйінің 10 оқушысын «Алғыс хатпен» марапаттады. Одан бөлек, жиынға қатысқан барлық балғындарға түрлі ойыншықтар, кинотеатрға және 50 балаға Астана қаласына жасалатын 3 күндік экскурсияның билетін үлестірді.

Шара барысында балаларға арналған мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама қойылды. Сонымен қатар, балалар Жайлаукөл демалыс аймағындағы аттракциондарда көңіл көтеріп, асфальтте сурет салу байқауына қатысты.



Айта кетейік, өңіріміздегі 3 млн. халықтың 1 млн. 240 мыңнан астамын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыста 2648 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала болса, оның 2068-і қорғаншылық және қамқоршылыққа, 184-і патронаттық тәрбиеге өткен. 349 бала үйлерінде тәрбиеленуде.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

https://dalanews.kz/36454

 

Рекомендовать
Последние новости