Қазақстанда қосымша құн салығы 2026 жылдан бастап 12%-дан 16%-ға өседі. Алайда бұл елде дағдарысқа алып келмейді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әмриннің айтуынша, ҚҚС өсімі инфляцияға қосымша 2–2,5% ықпал етуі мүмкін. Бірақ ол жаппай қымбатшылық болмайтынын атап өтті.
"Көптеген тауарлар қосымша құн салығынан босатылған. Мәселен, азық-түліктің негізгі түрлерін өндіретін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары бұл салықты төлемейді. Сондықтан бағаның қосымша құн салығы есебінен көтерілуіне құқықтық та, экономикалық та негіз жоқ", – деді вице-министр.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қосымша құн салығын төлеу немесе төлемеу құқығы сақталған.
"Егер фермердің өзі қосымша құн салығын төлеуші болуды қаласа, ол бұл мәртебені таңдай алады. Бұл оларға басқа қосымша құн салығын төлеушілермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді", – деді Әмрин.
Вице-министрдің айтуынша, Салық кодексін талқылау кезінде министрлік өкілдері аймақтарға барып, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездескен. Сол кезде шаруалардың өздері "төлеуші" болу құқығын сақтап қалуды сұраған.
"Біз бастапқыда аграрлық секторды мүлде қосымша құн салығын төлеушілер қатарынан шығарып тастауды ұсындық. Бірақ бизнес, керісінше, бізге бұл құқықты қалдырыңдар деді. Біз сол мүмкіндікті сақтап қалдық", – деп түсіндірді ол.
Жаңа Салық кодексі бойынша қосымша құн салығының мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға көтерілмек. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.