Министр Қытайдағы қазақтар «қайта оқыту» лагерінен босатылғанын айтты

Dalanews 11 февр. 2020 07:45 1032

Қытайдағы этникалық қазақтар «қайта оқыту» орталықтарынан босатылды. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты.

«Қайта оқыту» деген орталықтарда этникалық қазақтар болды. Бірақ былтыр біздің мемлекет басшымыз Қытайға барған кезде, ол елдің үкіметі этникалық қазақтар бұл орталықтардан шығарылғанын ресми түрде хабарлады», – деді министр.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан Қытай билігімен этникалық қазақтардың мәселесі бойынша екі жақты деңгейде жұмыс жүріп жатыр.

Соңғы екі жылдың ішінде сыртқы істер министрлігіне Қазақстан азаматтарынан Шыңжаңда тұратын этникалық қазақтарға қатысты 5 мың өтініш түскен. Олардың барлығы қаралып, тиісті көмек көрсетілді, деп сендірді министр.

– Былтыр этникалық қазақтарға 43 мың виза берілді. Ол бір мәртелі емес, үш жылға тегін берілетін визалар. 2018 жылы біз тек 8 мың ғана берген едік. Өсім қандай екенін көріп тұрсыз ба?  Этникалық қазақтар Қазақстанға көптеп келіп жатыр, – деді Тілеуберді.


Қытайда этникалық қазақтардың қысымға ұшырағаны жөніндегі әңгіменің таралғанына екі-үш жылдың айналасы болды.

Дереккөздерге сүйенсек, Шыңжаң лагерлерінде бір миллионға жуық этникалық қазақ пен ұйғыр отыр. Алғашында бұл «саяси үйрену» лагерьлері деп аталған еді, кейін Қытай билігі мұны жоққа шығарып, жай ғана «кәсіби оқыту орталықтары» екенін айтты.

Жуырда Қазақстанға сапары барысында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео әлем елдерін Қытайда этникалық қазақтар мен ұйғырлардың қуғындалуын тоқтатуға шақырды.


Осыдан кейін Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо АҚШ мемлекеттік хатшысының айтқан сөзіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол АҚШ мемлекеттік хатшысының мәлімдемесін «Помпеоның Қытайға қарсы тағы бірі қойылымы» деп атады.

Рекомендовать
Последние новости