"Мұнда болашақ жоқ...". Ресейліктер Байқоңырдан кетіп жатыр

Dalanews 21 окт. 2023 08:49 2176

DALA INSIDE телеграм арнасының хабарлауынша Байқоңырдағы Ресей азаматтары ат-көлігін сайлап, қопарыла көшуге дайын отыр. 

Қазақстанмен келісімшарт 2050 жылға дейін күшінде, десе де, ғарыш айлағындағы Ресейдің белсенділігі біртіндеп бәсеңдеп келеді.

Зымыран ұшыру кешендері сирек қолданылып, алда не болады деген сұрақ көбейген. Қала көптеген қиындықтарға тап болуда.

Роскосмос рейстерін Ресейдің қиыр шығысында жаңадан салынған «Восточный» космодромына ауыстырмақ. Әмірика да космодромдағы ғарыштық бағдарламасын тәмәмдаған. Бұған Роскосмостың монополиясына қарсы тұратын SpaceX-тің бәсекелестігі және қосылған. Әмірикалық компания халықаралық ғарыш станциясына арзан және сенімді зымыран ұшыру қызметін ұсынып отыр.

Ресей мен Украина арасындағы соғыс та мәселені ушықтырып, Батыспен қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленісті.

DALA INSIDE-қа белгілі болғандай қақтығыс басталғалы Ресей экипаж мүшелерінің семьясынан басқа батыстық қонақтарды Байқоңырға кіргізбеген.


Кремльді шырмап тастаған санкциялар ғарыш айлағындағы Қазақстанмен бірлескен бірнеше жобаға да кедергі келтіруде.

Ресей халықаралық ғарыш станциясына ресейлік және шетелдік экипаждарды жіберу үшін ғарыш айлағын пайдалануды жалғастыруда.



Бірақ Байқоңырдағы ресейліктер бір кездері тіршілігі қайнаған қаладан қоныс аударуды ойластыру үстінде. Оған ескірген инфрақұрылым мен шектеулі экономикалық перспективалар себеп болып отыр.

Мұндағы орыстар: «Қалаға қазақтар көптеп қоныстанып, ресейліктер кетіп жатыр. Бұл жердің болашағы жоқ...» деген шешімге іштей бекіп қойған.

Байқоңырда туып-өскен орыстың көпшілігі мектеп бітірген соң атажұртына, Мәскеуге, Санкт-Петербургке ағылады. Қаладағы 57 мыңға жуық халықтың 16 мыңы Ресей азаматтары.

Осындай мәселелерге тап болған Кремль Байқоңырда тұратын азаматтарын көшіруге арналған бағдарлама әзірлеген. 2021 жылдың соңында президент Путин Ресейге кеткісі келетіндерге баспана алуды жеңілдететін жарлыққа қол қойды.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, 1000-нан астам отбасы осы бағдарлама бойынша Ресейге оралуға өтініш берген. Бұл қаладағы орыс халқының айтарлықтай бөлігі.


– Бағдарлама мақсаты – ресейлік азаматтардың жұмыссыз қалмауын қамтамасыз ету. Қалада өндіріс орны атымен жоқ. Роскосмос кетсе, 7,5 мың жұмыс орны жабылады, – дейді Байқоңыр қаласының әкімі Константин Бусыгин Agence France-Presse агенттігіне берген сұхбатында.

Айтуынша, ғарыш айлағы жабылса, көп өтпей қаланың жүрек қағысы тоқтайды.

Айта кетсек, екі ел арасындағы келісім бойынша Ресей Қазақстаннан "Байқоңырды" 2050-ші жылға дейін жалға алған (арендасы жылына 115 млн доллар, ред). Бірақ санкция қыспағындағы солтүстік көршіге көнерген және мол инвестицияны талап ететін ғарыш айлағын ұстап тұру аса қымбатқа түсуде.

...

Айтқандай, еліміздегі банк лоббиі "Қошановты жазалау" операциясы жүргізбек. Толығырақ: https://t.me/dalainside/1536

Рекомендовать
Последние новости