Мейрамбек филармонияны, Тоқтар Республика сарайын басқаруға лайық

Dalanews 07 апр. 2016 09:27 1263

«Қала мен Дала» газетінің өткен санында жарық көрген «Мейрамбек неге елеусіз қалды?» деген мақала әлеуметтік желіде жан-жақты талқыланып, көзіқарақты оқырмандарымыз көкейде жүрген ойларын ортаға жайып салды. Әлеуметтік желі арқылы пікір білдірген көпшілік «Мейрамбек, Тоқтар, Саят сынды өнерде жүрген жігіттерімізді саясатқа араластырғанша, әнін салып сахнада жүре берсін» деп ойларын айтты. Тіпті, кейбіреулері «Мейрамбектен депутат жасаудың қаншалықты қажеті бар» деп көтерген мәселемізді назарға алмай, басқа қырға шауып та кетіпті.

 

Мекеме басшысы – саясаткер емес

Біздер мақаламызда өнер көгінде жұлдыздай жарқыраған азаматтарымыз саясатпен емес, мәдениет мекемелерін тізгіндеп, еліміздің рухани-мәдени өміріне үлес қосса деп мәселе көтерген едік.

Ойлаңызшы, «Қазақконцертті» ұзақ жыл басқарған Алтынбек Қоразбаевты ешкім осыған дейін саясатпен айналысты деп айтпады ғой.

Болмаса, «Қазақфильмнің» басшысы, ақын Ғафу Қайырбековтің баласы Бақыт Қайырбеков жалпақ жұртқа саясаткер ретінде танылып кетпегенін бәріміз білеміз.

Керек десеңіз, Мәдениет министрлігін басқарып отырған Арыстанбек Мұхамедиұлын да ешкім саясаткер деп қабылдамайды. Ол – бар болғаны функционер. Сол сияқты Мейрамбек пен Тоқтар да бір өнер мекемесін басқарса, олар саясаткер болып кетпейді.

 

Дағдарыстан көз ашпаған мәдениет ошақтары

Көпшілік қауым «бұл пақыр Мейрамбек пен Тоқтарды неге басшы қылуға аңсары ауа қалды?» деп ойлайтыны анық. Жұрттың бұлайша бас қатыруы орынды. Жоғарыда аты аталған жігіттерді неге басшылық қызметте көргіміз келетінін сіздерге енді тарқатып айтып берейік.

Біріншіден, Мейрамбек те, Тоқтар да – ауқатты, ақшалы адамдар. Олар атағын да, ақшасын да таза еңбекпен тапты. Бұған ешқандай қадағалаушы мекеменің дауы болмасы анық. Мейрамбек миллион доллар ұстап, оны жаратқан адам.

Тағы да қайталап айтайық, ол –  миллиондарын таза еңбекпен тапты. Ал таза еңбекпен қомақты ақша тапқан адам мемлекеттің қаржысына қол сұқпайды. Мемлекеттің мекемеге бөлген қаржысына көз алартпайды.

Оның үстіне Мейрамбек те, Тоқтар да – ақыл тоқтатқан иманды жігіттер. Сондықтан олар мемлекеттің ақшасын ешқашан талан-таражға түсірмес еді.

Қазіргі таңда көптеген мәдениет мекемелері ілде-байлап күнін әрең көріп отырғанын бәріміз білеміз. Енді бірі «Қазақконцерт» сияқты қысқарып жатыр. Әңгіменің ашығын айтсақ, біздегі мәдениет мекемелерінің бәрі дағдарысты жағдайда өмір сүруде.

 

Республика сарайы мен филармония не күйде?

Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияны мысалға алыңызшы, ішіне енсеңіз, кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген қабырғалары және сол кездегі жиһаздар еңсеңізді басып, көңіліңізді түсіріп жібереді.

Филармонияның нендей іспен айналысып жатқанын ешкім білмейді. Тек қана мемлекеттің бөлген қаржысымен күнелтуде. Егер осы мекемеге Мейрамбек басшы болып, апта сайын қызықты концерт ұйымдастырса, Мейрамбектің аты үшін қаншама адам барып, сол концертке келеді. Нәтижесінде филармонияның жағдайы жақсарып, ұлттық өнеріміз дамыған болар еді. Бұдан кім ұтады? Әрине, қазақ мәдениеті ұтар еді.

Қазіргі таңда Алматыда дау-шардан көз ашпаған Алматы қуыршақ театры бар. Бұл да – Алматыдағы дұрыс басшыға мұқтаж мекеменің бірі.

Алматының маңдайына біткен Республика сарайы таяуда ғана күрделі жөндеуден өтіп, жұртшылыққа есігін айқара ашты. Бұл үшін Алматы қаласы әкімдігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Үлкен сарайымыз заман талабына сай жаңарып, жасарды. Сыртынан қарасаң, мерейің өсіп, кеудеңді қуаныш сезімі билейді. Бірақ қуанышың сарайға жақындап, ішіне енгенде су сепкендей басылады.

Жасарып, жаңарған сарайыңыздың алдынан сізді кеңес заманынан бері билетті арзанға алып, қымбатқа пұлдайтын алыпсатарлар қарсы алады. Айналамыз жаңарып жатқанда Республика сарайы басшыларының заман талабына сай жұмыс істеуге ұмтылмағанын қалай түсінуге болады?

Айтыңызшы, Республика сарайы қарапайым халықтың қалтасын қағатын орын ба? Егер Тоқтар Серіков Республика сарайының директоры болса, кабинетінде қамалып отырмай, сыртқа шығып, алыпсатарларды жөнге салар еді.

Ол осылайша 30-40 жылдан бері жалғасып келген алыпсатарлық іске бір-ақ күнде тыйым салатынына сенімдіміз. Бұдан не жаманшылық көресіз?

Ал Республика сарайының ішіне енсеңіз, базарға кіргендей боласыз. Сарайдың жанындағы жерасты жолындағы дүңгіршекте 60-70 теңге тұратын бір құты суды Республика сарайының ішінен 200-300 теңгеге сатып аласыз. Осылайша еліміздің мәдениет нысаны әлдебіреулердің байлығын еселеудің ордасына айналып кеткенін көріп, көңілің құлазиды.

 

Ынсап пен имандылық

Бүгінде мәдениет мекемесін басқару үшін соншалықты білім мен білік қажет дейсіз бе? Бұлай ойласаңыз, қатты қателесесіз. Қазір халық басшыдан ынсап пен имандылықты ғана қажетсінеді. Қаржының заң аясында жұмсалуын бухгалтердің өзі-ақ қадағалайды. Болған-біткені осы.

Қазақша бір ауыз сөз білмейтін Мұрат Мұтырғановқа кезінде Қанат Саудабаев басқарған Алматы циркінің тізгінін сеніп тапсырдық қой. Мұның жанында бір мәдениет мекемесін Мейрамбек пен Тоқтарға сеніп тапсыруға болмай ма?

Екіншіден, біздің назарымызды аударып отырған Мейрамбек те, Тоқтар да – шығармашылықтың әрі істің адамдары. Олар алпысқа келгенше жастармен жағаласып, сахнада ән айтпайды. Қазақтың шоу-бизнесінде Мейрамбек, Тоқтар, Саяттар шығар биігіне шығып, өз мақсаттарына қол жеткізіп қойған. Енді оларды ешкім өз орнынан қозғай алмайды.

Мәселен, өзіміз сүйіп тыңдайтын Тоқтар Серіков қазір мал шаруашылығымен белсенді түрде айналысып жүр. Неше түрлі сәйгүліктерді баптап, қазақтың атбегілік қасиетіне жан бітіруде. Біздер «Тоқтар фермер болып кетті» деп кінәлаған жоқпыз. Қайта оның бұл салада табысты жұмыс істеп жүргеніне бәріміз қуандық. Қырықтың қырқасына шыққан азаматтар дәл қазір елге еңбек ететін жаста. Сондықтан оларға мүмкіндік беру керек.

Бір шаруашылықты ұршықша үйіріп отырған Тоқтардың бір мәдениет мекемесінің жұмысын жолға қоя алмайды дегенге өз басым сене алмаймын.

 

Елге қызмет ету

Біз «басшы болыңдар» деген ұсынысымызға бола ешкім оларға бір мекеменің тізгінін тапсыра салмайтыны анық. Бірақ Мейрамбек пен Тоқтар ұлтқа, елге қызмет етуді ойласа, бұл бағытта еркін қимылдауына толық қақысы бар. Мысалы, Тоқтар орыс тілінде ән шырқайтын Мақпал бастаған әншілерді сынға алғанын бәріміз білеміз. Бұдан Тоқтардың ұлт үшін жаны ауыратын азамат екенін аңғаруға болады. Оның көкейін түртпектеген ойлар, болашақта қоғамдық өмірімізде белсенді әрекетке көшуіне ықпал еткенін қалаймыз.

Бүгінде біздер елге қызмет етуге аңсары ауған өнер адамдары қызметке ұмтылса, оны мансапқор деп сөге жамандаймыз. Бұл – Кеңес заманындағы санаға сіңісіп қалған кертартпа қасиет. Осы бір жаман қасиеттен арылуымыз керек.

Егер Ұлтжанды азаматтарымыз мекеме басқарса, оларды сөге жамандаудың қажеті жоқ. Қайта қуанып, қолдау білдіруіміз керек.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости