Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сот біткеннен кейін ел алдына шығып, ашық сұхбат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржаубай Нұрымов бұл іске Айтбек Амангелді қалай араласқанын айтты.
"Бірнеше адвокат іздедік, хабарластық. Талғардан ешқандай адвокат алмаймын деп шештім. Сөйтіп жүргенде Айтымды бір туысымыз шақырған екен. Басында білген жоқпын. Өзінің басында да қайғысы бар азамат түсінеді деп ойладым. Айтым жайлы, оның адвокаттары жайлы ешқандай жаман сұхбат бере алмаймын. Жақсы адам жақсылығын, жаман адам жамандығын істейді. ...Жақсы адам қай жерде болса да жарты жолда лақтырмайды деп ойлаймын. Олар адвокат таба алмай қиналады деп ойлаған шығар... Сот өткеннен кейін Айтбек жақсы, жаман деп айтудың пайдасы жоқ. Ол мені қаралағанымен Құдай көріп тұр", - деді ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында.
Марқұмның әкесінен Айтбек пен оның адвокаттары бір адам ғана кісі өлтіру бабы бойынша, қалғандары бұзақылық бойынша айыпталып отырғанын хабарлаған-хабарламағаны сұралды.
"Мейірман ағадан естідім. Басында сотқа да қатыспаймын дегенмін. Біреу сотталып, біреу ауыр жағдайға түссін демедім, қолымнан келгенше сотталушылардың ақталуына мүмкіндік бердім. Соттан қашқаным жоқ. Олар "Қаржаубай бәрін арандатты" деген оймен істеді ғой. Қазақстаннан кетуіме көптеген себеп болды. Бір емес, бірнеше жағдай болды. Ашып айтудың қажеті жоқ. Үй мәселесі, бауырымның мәселесі, тергеу изоляторында отырған кезде де. Сол жерде де көп дұрыс емес шешім болды. Содан кейін бой тасалап, басқа мемлекетте болуымды қаладым. Ақша жинау басталып кетті. Оған менің қатысым жоқ. Халықты арандатпау керек болды. "Митингіге шығып кету" деген сияқты оймен жан-жақтан жігіттер хабарласып кетті. Басынан бастап айтып келе жатырмын: ешкімнен қорықпаймын, өз сөзіме жауап беремін, мен ел бүлінгенін қаламадым. Үкіметке қарсы пікір туындасын деген ой болған жоқ. Мен тек әділдік сұрадым.
Біз сол түнді ойласақ жынды болып кете жаздаймыз. Оны халық көрді. Істі көріп-біліп тұрып құзырлы органдар бір ғана брифинг жүргізді. Менің пышақ алып шыққанымды (көрсетіп - еск.). Ол пышақпен ешкімді жарақаттаған жоқпын, ешкімге сілтегенім жоқ. Сол жерде баламның аяусыз өлтіріліп жатқанын неге талдап айтпайды?! Суретпен неге көрсетпейді?! Менің шыққанымды ғана көрсетеді", - деді Қаржаубай Нұрымов сұхбат барысында.
Ол Айтбекпен жұмыс істеуден неліктен бас тартқанын да түсіндірді.
"Бауырым Нұрғанат қайтыс болған кезде "Нұрғанат асылып өліп қалды" деп айтты. Бүкіл халыққа. Кейін туыстарым "ол тергеуші, заңгер емес, неге халыққа ондай сұхбат береді?" деуінен басталды. Халықты дүрліктірмеу үшін солай айту керек болған шығар деп ол кезде де туыстарымды тоқтатқанмын. Болмаса басында сондай сұхбат бергеннен бастап Айтбектен бас тартқысы келді. Кейін Айтыммен жолыққанда ол кісіге түсіндіргенмін. "Қандай да бір туысым, бауырым немесе анам хабарласып немесе өзің хабарласып, бір шешімге келудің қажеті жоқ. Бұл менің балам, мен жауап беремін, менімен сөйлес, ешкімді араластырма" дегенмін. Бірнеше жағдай болды ғой. Өзі қалай ақталсын, мені қалай жамандасын, менің оған ешқандай ренішім жоқ. Халық өзі бағасын береді. Біреудің сыртынан ғайбат айтудан аулақпын", - деді ол.
Ал адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, алғашында бұрынғы адвокаттармен бірге жұмыс істеуге дайын болған.
"Айтбек байланысқа шықпай қойғаннан кейін басыммен кірдім осы іске. Қаржаубайдың "сізге аманат" деген бір сөзі мұздай су құйғандай болды", - деді ол.
Адвокат іс барысында қандай қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді.
"Біздің құқық қорғау органдарына түбегейлі реформа керек. Барлық жерде реформа керек. Дәл Талғарда ғана қателер болды деп, басқа жерде қателер болмас еді деген ой жоқ", - деді ол.
Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымов айыпталушылардың ішінде бір адамға ғана адам өлтіру бабымен айып тағылғанын естігенде қандай күйде болғанын айтты.
"Шок болды. Ашуланды. "Мен білмеймін. Іс материалдарын маған көрсеткен емес" деді. Мен "саған қалайша көрсетпей, сотқа жолданды?" деп таңғалдым", - деді ол.
Адвокат бұл істің бұлай саралануына қатысты пікір білдірді.
"Мен үшін жоқ (дұрыс саралау емес - еск.). Өз тарапымнан келіспеймін. ...Бастапқыда негізі бұлардың бәріне 99-баппен (Адам өлтіру) іс қозғалған. Тергеушілерің сондай қорытындысы болған. Айналып келіп өзіміздің әріптесімізге тиеді. Осыған шағымдануға әріптестер ниет білдірмеген. Қарашада сараптама қорытындысы шығады. Сол кезде бір рет пышақ сұққаннан деп көрсетіледі. Қалғандарының ұрып-соққаны жеңіл дәрежеде сараланады. Сол кезде тергеушілер ауыстырған. Сараптамның қорытындысынан кейін де шағым жазуға болар еді. Ең болмағанда кісі өлтіруге оқталу бабын (қосу керек еді - еск.). Мысалы Нұрқиясты солай саралаймын. Ол адам өлтіруге бағытталған әрекет жасады, мылтықпен ұрып-соғып жатыр", - деді адвокат.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Жуырда осы іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.
Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.