Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады

Көркем Алдабергенова 12 нояб. 2025 12:39

Мәжіліс депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, жарнамада және өзге де ашық алаңдарда ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат балаларды "зиянды ақпараттан қорғау" мақсатында әзірленген және енді Сенаттың қарауына жіберілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Bes.media мәліметінше, түзетулерге сәйкес, педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық қатынас тақырыбындағы материалдарды таратуға шектеу қойылады. Заңды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған - 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін қамау.

Парламентарийлердің айтуынша, бұл бастама балаларды "моральдық құндылықтарға кері әсер ететін контенттен қорғауға" бағытталған және ЛГБТ насихатына қарсы петицияның жалғасы болып табылады.

Алайда құқық қорғаушылар бұл заңды дискриминациялық әрі халықаралық міндеттемелерге қайшы деп санайды. Олардың пікірінше, құжат азаматтардың теңдік қағидатын бұзып, қудалау мен цензура қаупін арттырады.

Білім министрлігінің ұстанымы

Министрлік заң жобасын қолдаған. Ведомство өкілдері ЛГБТ тақырыбындағы насихатты кибербуллингпен теңестіріп, мұндай контент балалардың психикасына теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұл тақырып 2024 жылдан бері талқыланып келеді. ЛГБТ насихатына қарсы петициядан кейін мәселе бірнеше рет Мәжіліс отырыстарында көтеріліп, қоғамдық және діни пікірталастарға ұласқан.

Сарапшылардың айтуынша, бұл заң қабылданса, ЛГБТ қауымдастығына қарсы стигматизация мен теңсіздік күшеюі мүмкін.


Рекомендовать
Последние новости