"Маған мұғалімдер шағымданды...". Тоқаев білім саласындағы кемшіліктерді атап көрсетті

Dalanews 29 мар. 2023 05:39 929

VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы проблемаларға тоқталды. 

«Адам капиталының сапасын барынша арттыру керек. Бұл мәселе менің айрықша назарымда екенін білесіздер. Себебі, Қазақстанның басты байлығы – адам. Қарым-қабілеті зор, білімді азаматтар елімізді алға бастайды. Сол үшін білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданғанын айтты.

«Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек.

Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады.


Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ, негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды.

«Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет. Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады.Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», - деді Мемлекет басшысы.

Рекомендовать
Последние новости