Көбіне жемқорлыққа баратын қай орган: әкімдік, министрлік әлде сот па?

Сағыныш Сардарова 04 июл. 2025 13:56

Биыл қаңтар-мамыр аралығында жемқорлық қылмыстары бойынша күдікті деп тану туралы қаулы 640 адамға шығарылған, бұл былтырмен салыстырғанда 3%-ға аз. Сондай-ақ, 464 адам қылмыс жасағаны анықталған, бұл былтырмен салыстырғанда 4,3%-ға көп, яғни бұл көрсеткіш бойынша өсім байқалады. Бұл туралы Ranking.kz сарапшыларының талдауында қамтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Биыл бес айда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар бойынша 405 айыпталушының ісі сотқа берілді, бұл былтырғы қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 9,2%-ға артық.

Сотқа жолданған мұндай істер бойынша ең жиі жауапқа тартылғандар - әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері болды: 66 адам (32%-ға кем). Бұған қоса Ішкі істер органдарының 49 қызметкері, Қаржы министрлігінің 16 қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 11 қызметкері және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 7 қызметкері де сотқа тартылғандар қатарында.

Осы кезеңде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сотқа 12 министрліктен 57 қызметкердің ісі жолданған, былтыр бұл көрсеткіш 54 адам болған.

"Нақтылай кетсек, бұл жерде деректері нақты көрсетілген министрліктер мен олардың қызметкерлері туралы сөз қозғалып отыр. Мысалы, ҚР ІІМ бұл тізімге кірмейді, себебі деректер бүкіл министрлік бойынша емес, тек жекелеген бөлімшелер мен департаменттер бойынша ғана берілген. Ал елімізде барлығы 21 министрлік жұмыс істейтінін ескерсек, бұл мәліметтер толық болмауы да мүмкін. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деректері бойынша үш әкімнің (былтыр бір ғана әкім) және де бір судьяның ісі сотқа жіберілді", - деп жазылған мәліметте.

Анықталған құқықбұзушылықтардың ішінде ең кең таралғаны - пара алу: биылғы жылдың бес айында осындай 167 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 27,5%-ға артық.

Пара алу деректері бойынша ең жиі ұсталғандар: ішкі істер органдарының қызметкерлері — 22 адам, әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері — 13 адам, сондай-ақ, Қаржы министрлігінің қызметкерлері — 9.

Ең жиі жасалатын сыбайлас жемқорлық қылмыстарының ішінде екінші және үшінші орында — пара беру (99 адам ұсталған) және сыбайлас жемқорлық сипатындағы алаяқтық (71 адам).

2024 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі бойынша жаһандық елдер рейтингісінде Қазақстан 40 индексімен 180 елдің ішінде 88-інші орынға ие болды. Индекс неғұрлым жоғары болса, елдің жемқорлыққа бейімділігі соғұрлым төмен, бұл рейтинг 0-ден (қатты жемқор мемлекет) 100-ге (жемқорлықтан мейлінше таза ел) дейінгі шкаламен өлшенеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Македония, Суринам және Вьетнаммен бір деңгейде тұр, бұл елдердің де индексі 40-қа тең.

Оған қоса сарапшылардың дерегіне сәйкес Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді пайдаланушылардың 17%-ы соңғы он екі ай ішінде пара берген.

Басқа елдерге де назар аударайық. Рейтингте көш бастап тұрған елдер — Дания, Финляндия және Сингапур, ал аутсайдерлер қатарында Оңтүстік Судан, Сомали және Венесуэла бар. Қазақстанмен салыстырғанда, Дания мен Финляндияда пара бергендер үлесі небәрі 1% болады.

Қазақстан ТМД елдері арасында Армения мен Молдовадан кейін үшінші орынға жайғасты, ол елдер 63-інші және 77-інші орындарда тұр. Көрсеткіштері жоғары болғанымен, бұл елдерде күнделікті өмірде жемқорлық кең таралған: Арменияда пайдаланушылардың 19%-ы, ал Молдовада 22%-ы пара берген. Бұл орайда Украина 105-інші орынға, Беларусь 114-інші орынға, Өзбекстан 121-інші орынға, Қырғызстан 146-ыншы орынға орналасты. Әзербайжан мен Ресей 153-інші орынды бөлісті, Тәжікстан 164-інші, ал Түркіменстан 165-інші орынды иеленді.


Рекомендовать
Последние новости