Кентау инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер. Қала аумағында елді мекендер 100% ауыз сумен қамтылды

Жарбол Кентұлы 27 нояб. 2024 10:48 164

Кентау қаласында 2024 жылдың 9 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,1 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібінде 32,4 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, ауылшаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 9,1 млрд теңгеге жеткен, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы қалада өнеркәсіп саласында ағымдағы жылдың 9 айында инвестициялық құны 859 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асқан. Бұл жайында Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

– Кентауда өнеркәсіп саласын дамыту бойынша жыл соңына дейін тағы 4 жоба ашу жоспарлануда. Олардың инвестициялық құны 1 млрд 791 млн теңгені құрап отыр. Бұл тізімде құны 1,5 млрд теңгелік «Кентау Red Star» ЖШС-ң қыш өндіретін зауыты да бар. Жылына 45 млн дана қыш шығаруға қауқарлы өндіріс орны 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар, өңірдегі индустриалды аймақта «Халтаев» ЖК металл тор мен құрылыс блоктарын шығару зауыты іске қосуды жоспарлап отыр. Аталған жоба арқылы тағы да 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 50 мың дана блок пен 1 000 металл тор өндірілмек, – деді қала басшысы. 

Сондай-ақ, Кентау қаласындағы инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер жетерлік. Мәселен, қала аумағында елді мекендер 100% ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар,  жыл басынан бері электр желілерін жаңарту мақсатында 7 дана трансформатор ауыстырылып, 15,3 шақырым желіні қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тұрғындарды табиғи газбен қамту көрсеткішін 93%-ға жеткізу жоспарланған.

Тоғыз айдың қорытындысымен 18 000 абоненттің 14 981-і, яғни 83%-ы табиғи газ жүйесіне қосылды. Өңірдегі жол мәселесі де оңтайлы шешімін тауып келеді. Бүгінде Кентау қаласы және оған қарасты ауылдардағы 365 шақырым көшенің 82,1%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңында бұл көрсеткішті 87,7 %-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар, өңірдегі тұрғын үй мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде қалада 5 117 азамат баспана кезегіне тіркелген. Қазіргі таңда аталған мәселені шешу мақсатында 60 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің және 30 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

 


Рекомендовать
Последние новости