Кафканың "Америкасы"

Dalanews 23 янв. 2017 06:14 788

Ф. Кафканың «Америка» романы – ойдан шығарылған кеңістіктегі саяхат

1912 жылы 16 наурызда  Кафка өз күнделігіне: «Бүгін-ертең шамам жететіндей көлемді жұмыс бастаймын. Әлім жеткенше одан бас тартпаймын», – деп жазады. Сол жылы 9 мамырда: «Барлық үрейге қарамастан романнан қол үзбедім», – деп қосады ол күнделігіне. Әңгіменің ауаны жазушының «Америка» деген атпен танымал, жұмыстық атауы «Із-түзсіз жоғалған» («Пропавший без вести») романы туралы. Бірінші бөлімі «Кочегар» 1913 жылы басылып шыққан.

«Америка» – өзіндік ерекшелігімен «жол романына» тән. Шығарма бойына кейіпкер бір кеңістіктен екіншісіне жылжып отырады. Енді бір мағынада бұл романды тәрбиелік деп санауға да болады. Кафканың Гетеның талантына бас игені белгілі, ал өзі: «Американы» «тікелей Диккенске еліктеу», – деп айтатын. Жоғарыда аталған екі қаламгер әйгілі тәрбиелік романдардың авторы екенін ескеруіміз керек («Годы учения Вильгельма Мейстера» Гете. «Дэвид Копперфильд» Ч. Диккенс)

Кафка романның желісі болатын оқиғаның квинтэссенциясын алғашқы абзацта-ақ оқырманға жеткізеді. Қызметші әйелдің, он алты жасар Карл Росманды азғырып, одан жүкті болғаны үшін ата-анасы оны Америкаға жер аудартады. Міне, ол кемеде, Нью-Йорк кемежайының алдында, жаңа өмірдің табалдырығын аттағалы тұр.

Жағаға жақындаған сайын Карл 1886 жылы бой көтерген Еркіндік ескерткішін байқайды. Осы сөйлемдер арқылы романдағы оқиғалар ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында орын алатынын аңғаруға болады. Алайда бірінші бөлімнің өзінде шынайы Америка мен Кафка қиялындағы Американың образдарының арасындағы қарама-қайшылықтар байқалады. Мысалы, Еркіндік ескерткіші шынымен Нью-Йорк кемежайынан көрінеді, бірақ романда ескерткіштің қолында шырақтың орнына қылыш бейнеленген. Полландер деген бай кәсіпкер құрылысы аяқталмаған, электр қуаты жоқ үйде тұрады, ал оған қызмет ететін қарт көбірек Еуропаның классикалық сарай қызметшісіне ұқсайды. Омыраулары орденге толған кеме капитандары сапысын тастамайды, ал порт шенеуніктері арнайы қара мундирмен жүреді, бірақ осы арада Америкада униформа деңгейінің төмендігі бізге белгілі нәрсе.

Тағы бір нәрсе ол Нью-Йорктегі Рэмзес елдімекені, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ондай елдімекеннің болмағаны. Шығарма басында кеңістік Нью-Йорк деп белгіленсе, кейін ол кеңістік Кафканың қиялындағы әлеммен алмасады.

Осыған байланысты алғашқы романның оқиғалары Америкада өрбиді деп ойлаудың қажеті жоқ. Зерттеуші Р. Корсттың айтуы бойынша: «Кафканың әлемі адам мен табиғаттың бірігуін бейнелемейді, ол оның жалғыздығын алдыңғы планға шығаратын сценарий сияқты». Ескерткіштің қолындағы қылышты Карл Росманның күн астынан орын алу үшін күтіп тұрған күрестің символы ретінде қарауға болады. Кафканың қиялындағы Американың образы бізге таныс мүмкіндігі шексіз, армандар орындалатын ал жалаңаяқ балалар миллионер болады деген мемлекетке мүлдем ұқсамайды. Кафканың Америкасы кедейлер мен жұмыссыздардың мекені және ол жердегі адамдар еуропалықтардан гөрі бақытсыздау.

Жалғыздық, мазасыздық Кафка үшін жат сезім емес. Мысалы, 1911 жылы 16 желтоқсанда күнделігінде: «Мен айналамдағы барлық заттардан, шығуға ұмтылмайтын бос кеңістіктен бөлінгенмін», – деп жазылған. Ал 1921 жылдың қазанында өкінішпен: «Барлығы қиял: отбасы, қызмет, достар, көшелер; шындықтан алыс әлде шындыққа жақынырақ қиял; тек сенің есік, терезесі жоқ камераның қабырғасына басыңды ұрғаның ғана шындыққа жанасады», – дейді.

ХІХ-ХХ ғасыр аралығында бағыты мен мақсатын жоғалтқан жазушының әлемді сезіну себебінен шығарманың кеңістігі күңгірт, тұйық болып қалған. Карл Росман, басқа да кейіпкерлер үнемі шыға алмайтын шексіз дәліздер де, баспалдақтар да, шырмаланған жолдар да адасып жүреді.

«Америка» романын түсінуге көмектесетін маңызды деталь – кеменің образы. Бір жағынан ол іздеу, саяхаттау, ал екіншіден  аман қалу символымен байланысты (Нұх кемесін еске түсірейік), ал үшіншіден аллегориялық үш бейненің бірі Үміт туралы тәмсілде алғашқы теңіз саяхаттары жақсылыққа деген үмітпен жасалған.

Карл Росман үшін кеме, ескі патриархалды әлемнен жаңа мекенге кететін, өз күнін өзі көретін, ата-ана үйінен бөлініп шығып, жаңа өмірге жетелейтін дәліз сияқты. Бұл – бейқам өмір мен күйбең тірліктің және өмір мен өлімнің арасындағы өткел.

Карл Росман жолға аттанарда (өз еркімен болмаса да) материалды игілікті, тұрақтылықты, әлеуметтен қорғанатын жолды іздеп табуды аңсайды. Кеме ол үшін ғажап өмірдің символы ретінде көрінгенмен, құтылудың символы бола алмады. Нұх кемесі, басқа да тұйық кеңістік сияқты Кафканың қабылдауында абақты ғана болған. Милена Есенскаяға жазған хатында ол, адамдарды әлемге жолданған, бірақ гүлденген теректің бұтағын таппай қайтадан қараңғы кеңістікке оралған көгершінге теңейді.

Табанын тоздырып, өзін жаңа өмірде таппай жүргені, Карлдың болжамды өлімі жоғарыда жазылған Кеме символы көңілді қалдырады.

«Біріншісі айыпты, екіншісі кінәдан таза Росман мен К. Аяғында екеуі де өліммен жазаланады. Бірақ кінәдан таза кейіпкердің өлімі жеңіл болды, оны ажал құшты дегеннен гөрі өмірден аластатылған десек дұрыс болар» деп жазады Кафка күнделігіне.

Бірінші бөлімде Карлды ғажайыптың құдіретімен тауып алып, өзінің бауырына басқан ағасының үйі де кемеге ұқсайды. Енді баланың тағдырына қауіпті ештеңе жоқтай көрінеді, ағасы бай, жомарт және Карлға деген ниеті де риясыз, бірақ біз Кафканың әлемінде екенімізді ұмытпауымыз керек. Бұл жерде тұрақты әрі сенімді ештеңе жоқ. Тіпті ағасының үйінің құрылымында кейіпкердің жалғыздығын аңғартатын ойлар бар. Тоғыз қабатты ғимараттың үш қабаты төле, ал қалған жоғарғы қабаттарында ағасының фирмасы орналасқан. Егер заманауи өлшем бірлікке салсақ бұндай үлкен ұйымда көптеген канторлар, жұмыс цехы мен шеберханалары бар орта болуы керек. Төменгі қабатта қара жұмысшылар, одан жоғары қарапайым қызметкерлер, ал үстінде үйдің иесі тұратын сияқты. Бұл жоғарғы палубаға санаулы адамға шығуға рұқсат етілген, ал төменде қарапайым адамдар орналасатын кеменің құрылымына ұқсайды.

Сюжет бойынша екінші бөлімнің аяғында Карл, ағасының қарсылығына қарамастан кәсіпкер Полландермен бірге оның жекежайына барады. Орталықта ол «бойларын кешігем деген қорқыныш сезімі билеген, аптыққан, бір-бірін итеріп театрдың есігіне ағылған тобырды» көреді, ал көшенің бойы көтеріліс жасаған металшыларға толы еді.

«Тротуарлар мен көпірлерден дамыл таппаған адамдардың шуына ұқсамайтын бөтен құбылыстың шулаған дауысы». Кафка үшін адамдар шынымен бөтен, берекесіз былық болып табылады, ал Карл білместікпен сол былыққа басымен сүңгиді, себебі оның жалғыз (бәлкім уақытша, тұрақты емес болса да) панасы – ағасының үйі – енді ол үшін жабық. Бәлкім сол жерде қалғанда Кафканың екінші романындағы кейіпкер сияқты болар ма еді, бірақ, ол үлгілі қызметкер, құрметті азамат болса да «сотынан» құтыла алмады ғой?

Мүмкін, Карл ағасының үйінен кету арқылы Йозеф К-ның рухани өлімінен құтылған шығар?

Көлікте отырғанда кейіпкер «қабаған иттер күзеткен, қабырғалары мықты, жап-жарық, жайлы үйдің құрметті қонағы боламын» деп үздігеді, бірақ ол, хаос жайлаған, шексіз, күңгірт лабиринттен шығады.

Көңілі су сепкендей басылған Карл Полландердің үйінен тезірек кетуге ұмтылады, алайда ол оңайға соқпайды. Өзінің бөлмесін көрсеткісі келген Полландердің қызымен ұрсып қалғаннан кейін ол «үлкен үйден» қайтар жолды таба алмайды. Бір кезде тіпті, дәліз домалақ емес па деп те күмәнданады. Бір жағынан бұл бос, қараңғы лабиринт үрей тудырып оны шатастырады, кейіпкер өзін түрмеде жүргендей сезінеді. «Қарғыс атқыр» дәлізде жарықтың, терезенің, дыбыс пен қандай да бір бағдардың жоқтығы бірінші бөлімдегідей кейіпкердің керексіз, жалғыз қалғаны туралы ойларға жетелейді. Бұл жағдайда жекежай да кеме сияқты, қатал, немқұрайлы қоршаған ортаның проекциясы.

Ақыры ол қонақжайға жол көрсетіп, Полландер мырзаға Карлдың не үшін кету керегін түсіндіретін үй қызметшісімен кездеседі. Сол кезде Грин мырза оған ағасынан келген хат туралы ескертіп, оны сағат он екі болғанда ғана бере алатынын айтады. Росман сағат он екі болғанын күтеді, ал оқырман ол жерде жазылған сөйлемдер оның тағдырын түбегейлі өзгеретінін сезе бастайды. Сағат он екіде Карлда өзіне тиесілі шабадан мен жаттап алған ағылшынша сөздерден басқа ештеңе қалмағаны расталады. Ол қайтадан қатыгез, қастыққа толы әлемге тасталады...

Аударған Санжар БЕКЖАН.


«Солақайлар» әдеби клубы


Рекомендовать
Последние новости