Жас педиатр дәрігерлердің V басқосуы өтті

Dalanews 23 апр. 2022 02:55 975

Алматыда медицина ғылымдарының докторы, белгілі балалар хирургы Ахпаров Нұрлан Нұркинұлын еске алу құрметіне арналған  «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциясы өтті. 

Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы,  «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі.

Конференцияға ТМД, Қазақстан және шет елдерден 100-ден астам  жас педиатрлар мен балалар хирург-дәрігерлері қатысты. Басқосу оффлайн және онлайн түрінде өтті.

Осымен бесінші жыл қатарынан өткізілген конференцияның басты мақсаты - жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату,  жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.

Биылғы жылғы конференция елімізге белгілі балалар хирургы, танымал «Алтын қолды» дәрігер, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы,  АҚШ-тың Цинциннати клиникасының құрметті профессоры, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,  халықаралық дәрежедегі ғалым Ахпаров Нұрлан Нұркинұлын еске алу құрметіне арналды.   2021 жылдың қазан айында Ахпаров Нұрлан Нұркинұлының мезгілсіз қайтыс болуы Педиатрия орталығы үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл медицина қауымдастығы үшін орны толмас қаза болды.

Конференцияның ашылуында қатысушылар Нұрлан Нұркинұлымен қатар, қызметтес-әріптес, ұстаздары   медицина ғылымдарының докторы Ормантаев Алмаз Камалұлын, неонаталды хирург Литош Владимир Евгеньевичті бір минут үнсіздікпен еске алды.

Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арын Нұрлан Мұхтарұлы алғы сөз сөйлеп, ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тіледі. Сонымен қатар, шараның маңыздылығын атап өтіп, Нұрлан Нұркенұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Нұрлан Нұркинұлы медицина саласында 40 жылдан астам уақыт қызмет етті. Оның 28 жылын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына арнап, 1994 жылдан бері Балалар хирургиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Хирургия бөлімі 1994 жылы академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен ашылған еді. Камал Саруәрұлы Нұрлан Нұркинұлын бөлім басшысы етіп өзі тағайындаған болатын.

Қызмет жолында Нұрлан Нұркинұлы  10 000-нан астам операция жасап, қаншама мың баланың өмірін аман алып қалды. Ол отаның 21 түрін Қазақстан республикасында алғаш рет енгізген новатор ғалым.

Медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Нұркинұлы 300-ден астам ғылыми еңбектердің, 3 монографияның, 21 өнертабыс патенттерінің, 3 рационализаторлық ұсыныстың  авторы. Оның ғылыми жұмыстары халықаралық рецензияланған журналдарда жарияланған. Оның жетекшілігімен бір докторлық және екі кандидаттық диссертация қорғалды. Ол түрлі ғылыми форумдарға (Ресей, Германия, Түркия, АҚШ, Италия, Франция) қатысты.

Ол алғашқылардың бірі болып, жалпы хирургия (Нью-Йорк қ., АҚІІІ, 2004) мен балалар колопроктологиясы бойынша (Цинцинати қ., АҚШ, 2006)  Америка құрама штатында арнайы курстан өткен. Сонымен қатар  Ресейде «Гармоник» ультрадыбыстық скальпелді меңгеру ( Мәскеу қ.) мен лапороскопиялық хирургия бойынша  (Санкт-Петербург қ.) білім алды. Америкадағы тәжірибеден соң Н.Ахпаров Қазақстанда тұңғыш рет аноректалды мальформация ақаулары бар (іш қуысы мүшелерінің қатерсіз және қатерлі ісіктері) балаларға арналған жаңа ота жасау түрін Педиатрия орталығында  ғана емес, еліміздің барлық облыстарына енгізді. Ресейде мұндай операция түрі Қазақстаннан бір жарым жылдан кейін ғана енгізілген.

Нұрлан Нұркинұлы 2008 жылы медицина мен ғылымға сіңірген еңбегі үшін Қазақстан меценаттар клубының «Ильхам» республикалық сыйлығының лауреаты атанса, 2009 жылы мінсіз еңбегі мен өз қызметіне адалдығы үшін  «Халық батыры» сыйлығының лауреаты атанды. Білікті хирург соныман қатар «Құрмет» орденімен (2020), «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен (2005),  «Үздік қызметкер», «Үздік ғалым, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау үздігі» және т.б. төсбелгілерімен марапатталған.

Н.Нұркинұлы 2007 жылдан Американың «Цинцинати чилдренс» клиникасының Құрметті профессоры, Еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі болды. Ғылымға қосқан зор үлесі үшін 2016 жылы Роберт Кох медалімен, 2017 жылы Еуропаның ІІІ Александр орденімен марапатталған. Бұл сыйлықты әлем бойынша 17 адам ғана алған. Айтулы марапат «EuroMedica-2018» Еуропалық Конгрессте (Hannover, Deutschland) табысталды.

Ахпаров Н.Н. төмендегі журналдардың редакциялық алқасының мүшесі болды:

- Қазақстанның педиатрия және балалар хирургиясы;

- Тәжікстанның денсаулық сақтау саласы;

- 2018 жылдан - American Journal of Pediatrics;

- 2019 жылдан бастап - EVRO MEDICA мұрағаты.

«Білікті хирург Нұрлан Нұркинұлын білмейтін жан жоқ, оны еліміздің барлық өңір дәрігерлері,  алыс-жақын шетелдердің мамандары жақсы таниды, құрмет тұтады. Оның медицина мен ғылымдағы жоғары жетістіктері тынымсыз еңбек пен мол ізденістің,  өз мамандығына деген сүйіспеншіліктің жемісі. Ол балалардағы ауруларды диагностикалаудың және хирургиялық емдеудің жаңа, маңызды әрі тиімді әдістерін елімізде белсенді түрде әзірлеп, енгізді. Медицина ғылымы мен тәжірибесінің заманауи дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес. Нұрлан Нұркинұлы шәкірттері мен студенттерді жігерлендіретін, жаңа ғылыми тың идеялардың генераторы, жаңашылдыққа ұмтылған жарқын да дарынды тұлға болды. Ол көптеген жас дәрігерлердің ұстазы, әріптесі әрі тәлімгері бола білді. Көрнекті дәрігер  бірнеше буын білікті  хирургтарды, мықты мамандарды тәрбиелеп шығарды. Нұрлан Нұркинұлы жас дәрігерлердің бойына өзіне деген сенімділікті нығайтып, алға ұмтылуға үйретті, оның әр  сөзі студенттерді білімді де білікті болуға қанаттандырды. Бұл конференция жас дәрігерлердің ғылыми-зерттеу саласына деген қызығушылығын арттырып, Нұрлан Нұркинұлының ізін жалғастыруға ықпал етеді деп сенеміз», деп атап өтті конференцияның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева.

Халықаралық деңгейде өткен конференцияда  педиатрия және хирургия саласы бойынша 100-ден астам ғылыми жұмыстар, арнайы баяндамалар, мақалалар  және постерлік баяндамалар ұсынылды. Басқосуда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері, балалар денсаулығын сақтау қызметіне инновациялық технологияларды енгізу, перинаталдық патологиялар бойынша диагностикалау мен емдеу, алдын-алу бойынша жаңа тиімді технологияларды енгізу мен дамыту, балалар хирургиясындағы өзекті мәселелер, балалардағы туа біткен ақауларды диагностикалау және хирургиялық емдеу мәселелері, балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, сирек кездесетін ауруларды ерте диагностикалау, емдеу, оңалту, асқынулардың алдын алу және тіркеу мәселелері және т.б.  педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, практикадағы ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынды.

Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады. Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша), «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланатын болады.

 

«Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығы» баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости