«ЖАРМАҚ» НЕМЕСЕ ЖАҢА РОМАНДАР

Dalanews 16 янв. 2015 09:31 2123

ЖармакМұхтар Мағауинның «Жармақ» романы жарияланғалы да біраз уақыт өтті. Әркім әртүрлі пікірін айтты. Классиктің дәстүрлі жазу үлгісіне үйреніп қалған жұрттың тосырқайтын да жөні бар шығар. Бірақ бұған дейінгі пікірлердің ішінде «Жармақ» өмірге келген кеңістік пен уақыт ішінде «өзге жұртта роман жанры қалай жазылып жүр» деген салыстыра талдаулар мүлдем кездеспеді.

 Ең көп айтылған уәждің дені - «Жармақтың» көркемдік өресі төмен, қарабайыр жазылған, публицистикадан аса алмаған» деген сыңайда болды. Кеш те болса бізде өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Әрине, романды бастан-аяқ талдап, керемет бір мақала жазбасақ та, азды-көпті оқыған қазіргі заман романдарының жазылу формасымен «Жармақты» салыстырып көру ниетіміз.
Баяғыда жұрт бірі Шығыста, бірі Батыста болса да – Джирджи Зейдан мен Александр Дюманың роман жазу әдістерін бір-біріне қатты ұқсатқан. Екі жазушының өмір сүрген мезгілі бір уақытқа сай келеді. Қарап отырсаңыз, бір кезеңге тән әдеби әдіс-тәсіл ізденіс үстіндегі жазушыны форма жақтан бір-бірінен сабақ алуға жігерлендіріп отырады. Әрине, мұны көшіру немесе қайталау деп түсінбеуіміз керек. Осы ғасырда Нобель сыйлығын алған екі жазушы – Орхан Памук пен Мо Янь және түріктің тағы бір жазушысы Зюльфю Ливанелидің («Стамбул бақыты» атты романы әлемнің біраз тіліне аударылған) романдарын оқып, жазу стильіне қарап отырсаңыз, бір-бірінен мүлде бөлек, бірақ осы ғасырға тән қолтаңбаны анық байқар едіңіз.
Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» шын мәнінде құбылыс деп қарауға тұрарлық шығарма. Болмысы екіге жарылған Мұрат пен Мараттың трагедиясы арқылы қазақ халқының қазіргі жағдайын, өкініші мен өксігін әлемге көрсете алатын «Жармақты» парақтап отырғаныңызда Анталья туралы шырын қиялыңыздың шырқын бұзатын Зюльфю Ливанелидің «Стамбул бақыты» еске оралады.

Тіпті, Орхан Памуктің «Менің атым – Қызыл» романын парақтағанда жазылу формасы мүлде бөлек, өнертануға қатысты басқа бір дүниені оқып отырғандай күй кешесіз. Оқиға XVI ғасырда Стамбұлда қастандықпен өлтірілген суретші жайында өрбиді. Сыншылар бұл кітап «Ислам дүниесіндегі сурет өнерінің Батыстың реалистік суретінің әсерінде дағдарысқа түсіп, өз кемшілігінің шырмауында шатылып қалған болмысы арқылы бүгінгі түрік қоғамының көзге көрінбейтін қайшылықтарын ашқан» деп қарайды. Біздің «Жармақтан» ескі сарынды іздеген әдебиетшілер секілді көзсіз айқайға баспайды. Мо Янь да «Шарап елі» романында сәлемнен кейінгі дәстүрлі сауалы «тамақ іштің бе?» деп басталатын қытай халқының тарихи санасы қазіргі былыққан һәм жемқорлық жайлаған қоғамында қандай трагедиялар тудырғанын, үрейлі сырларын стиль алуан түрлі формалармен жеткізеді. Романда автор оқырманның көңіл-күйін табам деп «ұзын тұрқын қысқартқан, тығыз қалпын сиреткен, жазылуы өзгеше сипатын» мүлде өзгертпеген. Орхан Памук «Түркияның музыкасы, мәдениеті және саяси өмірінде кем болса болмайтын тұлға» деп баға берген Зюльфю Ливанелидің де «Стамбул бақыты» романының жазылу формасы мүлде бөлек. Сатқындық, сенім, махаббат және басқа да күрделі қайшылықтар арқылы бір мемлекеттің сипатын ашады. Үш романнан да публицистика, детектив, сатира, т.б. жанрларды бір арнада тоғыстырған шеберлік басым. Мәнері алуан түрлі кесек шығармалар.
Қазіргі әдеби әдіс-тәсілді, әлемдік жаңаша стиль негізінде қарайтын болсақ, Мұхтар Мағауиннің «Жармағы» шын мәнінде құбылыс деп қарауға тұрарлық шығарма. Болмысы екіге жарылған Мұрат пен Мараттың трагедиясы арқылы қазақ халқының қазіргі жағдайын, өкініші мен өксігін әлемге көрсете алатын «Жармақты» парақтап отырғаныңызда Анталья туралы шырын қиялыңыздың шырқын бұзатын Зюльфю Ливанелидің «Стамбул бақыты» еске оралады. Мо Яньның «Шарап елі» санаңызда жаңғырады. Ұлт танып, ұлыс білуде жылатып айтар дос – қаламгерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ болуы керек еді ғой негізі...
12 бетКейде тым ескілікке жармасу, болмаса бізді ұшпаққа шығара қоймаған көне қалыппен дүниені қабылдау деген де – трагедия. Ертеде бір әлсіз патша болыпты. Жаулары өзін тақтан қуып түсер ме екен деп үнемі қауіптенеді екен. Тағын ұлына тапсырып кету үшін ертерек қамданады. Тіпті ұлын патша ордасындағы шеткері бір үйде оңаша ұстайды. Ханзада күн де түспейтін бұл үйде үй қамақта отырғандай 31 жыл өткізеді. Үнемі кітап оқиды, кітаптан жылқының суреттерін көруге әуес болады. Жылқыны жақсы көруі кітап арқылы қалыптасады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін бұл ханзада таққа отырады. Таққа отыра салысымен: «Маған бір жылқы алып келіңдерші, олардың суретін үнемі кітаптан көруші едім. Сірә, қандай болады екен, көрейін?», - деп бұйырады. Жасауылдар ордаға ең әсем жылқыны алып келеді. Сол кезде таққа жаңа отырған патша жылқының суреттегідей емес сиықсыз, тарбиған танауы, сорайған сирағы, салбыраған мүшесі бар бейнесін көріп қатты үмітсізденеді. Өз еліндегі бүкіл жылқыны қырып тастауға жарлық береді. Қанды қасап қырық күн жалғасады. Тігерге тұяқ қалмайды. Дәл сол кезде жау шабады. Атты әскері жоқ ақымақ патша жеңіліп, жаулары оның денесін кескілеп, елге зобалаң орнайды...
P.S. «Соқыр көргенінен жазбайды». Біз жазылған, ендігі жазылар көркем шығармаларды XX ғасырдың басындағы, ортасындағы, соңындағы дәстүрлі үлгімізбен ғана салыстырып, саралап бағалайтын болсақ, «жылқыдан күдер үзген» байқұс ханзаданың күйін кешпейміз бе?..

Ырысбек ДӘБЕЙ.


Рекомендовать
ӘЛИЕВ ӘЛЕМІ
ӘЛИЕВ ӘЛЕМІ 16 янв. 2015 09:17
Последние новости