Жандарбек Бекшин: «Алматыда вакцина алғандар аурухана 20 есе аз түседі»

Dalanews 09 сент. 2021 11:35 1220

Алматы қаласы әлі де «қызыл» аймақта. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде тұрғындарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қалада індет жұқтыру деңгейі төмендеген, бірақ босаңсуға әлі ерте. Пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясының 155 739 расталған жағдайы тіркелді.

– Тынышталуға әлі ерте, жұмысты жалғастыруымыз керек, дерт жұқтыру саны әлі де жоғары. Қала әлі де «қызыл» аймақта. Біздің міндет – дертті шектеу шараларын қолдану  арқылы төмендету. Мұнда бәріміз жауапкершілік танытуға тиіспіз, – деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Айта кетерлігі, алматылықтардың бір бөлігі екпе салдырмай, денсаулықтарына қауіп төндірсе, эпидемиологтар коронавирустан қорғанудың жаңа жолдарын іздестіруде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматыда коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қала тұрғындары арасында ауру жағдайының төмендеуі 25 тамыздағы 1605-тен 8 қыркүйекке 976-ға дейін тіркелді.

– Бұл төмендеу бүгінде Алматы тұрғындарының 46% иммундық қабатының қалыптасуына байланысты. Қазіргі уақытта коронавирусқа қарсы күніне 3 мыңға жуық адам вакциналанады, бұл бір ай бұрын күніне 10-12 мыңға жуық адамға вакциналанғаннан әлдеқайда аз, – деді мегаполистің бас дәрігері.


Бүгінде вакцинациямен қамту бірінші компонентпен – 45% – 899 784 адамды, екінші компонентпен – 39% – 779 870 адамды құрады, бұл қалада індеттің таралуын тәулігіне 970-1200 жағдай деңгейінде ұстап отыр. Қала тұрғындарының алдында вакциналанғандардың санын мүмкіндігінше тезірек 75%-ға дейін және одан да көпке жеткізу міндеті тұр.

Жандарбек Бекшин вакциналардың тиімділігіне күмәндануды тоқтатуға шақырды. Оның пікірінше, егде жастағы адамдардың вакциналануы өте маңызды. Сонымен қатар, мегаполистің бас санитарлық дәрігері жастарды тәртіпке шақырды, өйткені олар – коронавирустың гипер таратушылары.

– Біз вакциналар 100 пайыз қорғауды қамтамасыз етпейтінін түсінеміз. Алайда, олардың «дельта» штаммына қарсы тұруы 80%-дан асады. Вакциналанған алматылықтардың аурухана төсегіне 20 есе аз түсетінін атап өткім келеді, – деді Жандарбек Бекшин.

Жалпы, жыл басынан бері 137,2 мың КВИ жағдайы тіркелді, тамызда – 46,9 мың жағдай, қыркүйек айының басынан бері тіркелгені – 8 916 жағдай.

Рекомендовать
Последние новости