Жаңа ұлттық компания құрылмақшы

Dalanews 31 янв. 2017 14:18 914

Қазақстанда Президент тапсырмасымен құрылатын жаңа ұлттық компания немен айналысатынын ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Біздің елде инвестиция тартумен бірнеше ұйым айналысады. Соған байланысты, Президент нақты тапсырмалар жүктеді – инвесторларға мемлекеттік қызметтің толық спектрін ұсынатын, бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін арнайы ұлттық компания құру. Бұл компания құрылады. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі осы бағытта қашан және қандай шаралар атқару керектігін айтты. Сондықтан осы тұрғыда бізде толық түсінік бар, – деп атап өтті Тимур Сүлейменов Үкімет отырысынан кейін өткізілген баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы жолдауында Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажеттігін атап өткен болатын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс. Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн. Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет», – делінген Жолдауда.

Рекомендовать
Последние новости