Астанадағы атышулы Гастроорталықта орналасқан ZIMA түнгі клубы төңірегінде дау туындады. Адвокат Ерлан Ғазымжанов мекеме иелерінің келісімінсіз жұмысын жалғастырып жатқан клубты "өз бетімен әрекет етті" деп айыптаса, полиция қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астанадағы ZIMA түнгі клубы мен Гастроорталық иелері арасындағы даулы жағдайға полиция департаменті түсініктеме берді. Мәселе туралы адвокат Ерлан Ғазымжанов мәлімдеді.
ZIMA клубы Бишімбаевтың қылмыстық ісіне байланысты атышулы болған ғимаратта орналасқан. Бұл ғимарат экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасына тиесілі. Дәл осы жерде бұрынғы шенеунік өзінің азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірген еді.
Адвокаттың сөзінше, клуб арендатордың келісімінсіз әрі жалдау шарты бұзылғанына қарамастан жұмысын жалғастырып жатыр.
“2024 жылдың қаңтарында “ZIMA ASTANA” ЖШС Гастроорталықтағы ғимаратты жалға алып, онда ойын-сауық және қоғамдық тамақтану қызметін ұйымдастыруға келісім жасаған. Алайда клуб ашылғаннан кейін тұрғындар бірнеше рет әлеуметтік желілерде шағым қалдырды: музыка таңғы 5–6-ға дейін тоқтамайды, күзетшілер мен келушілер арасында қақтығыстар орын алған. Сонымен бірге кальян мен азот тотығының таратылатыны туралы да ақпарат түсті”, – деді Ерлан Ғазымжанов.
Оның айтуынша, жалға берушілер шарттың бұзылғанын айтып, келісімді мерзімінен бұрын тоқтатқан. Соған қарамастан, клуб қызметкерлері есіктің құлпын бұзып кіріп, электр және байланыс жүйелеріне қайта қосылып, қызметін жалғастырған. Бармендер тіпті электр қуатын қайта қосуды талап етіп, митинг ұйымдастырған. Ал полиция оларды жауапқа тартпаған.
“Иелерінің құқық қорғау органдарына берген арыздары – өз бетімен әрекет ету мен тыйым салынған заттарды тарату фактілері бойынша – жауапсыз қалып отыр. Тіпті электр қалқанын қорғауға тағайындалған күзетші қызметін атқармай, “қаланың жұмысын қамтамасыз ету керек” деп түсіндірген”, – деді адвокат.
Ал Астана қалалық полиция департаменті Informburo сауалына берген жауабында:
жалдау шартысыз немесе иесінің келісімінсіз қызмет ету мәселелері мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататынын айтты.
“Құқық қорғау органдары ZIMA түнгі клубындағы қоғамдық тәртіпті тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері 102 нөміріне клуб жұмысына қатысты шағымдар түсті. Олардың ішінде тыныштықты бұзу, дене жарақатын салу, мүлікті ұрлау, ұсақ бұзақылық, тыйым салынған жерде шылым шегу және басқа да құқықбұзушылықтар бар. Тексеру нәтижесінде кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды”, – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар клуб әкімшілігіне құқықбұзушылықтарға жол берген себептер мен жағдайларды жою жөнінде бірнеше ұйғарым енгізілген.
Есіл аудандық полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттерінің заңдылығы да тексеріліп, олардың тарапынан тәртіптік теріс қылық белгілері анықталмаған.
Полиция департаментінің мәліметінше, демалыс және мереке күндері түнгі клубқа қоғамдық тәртіпті күзету үшін жеке нарядтар бөлінеді. Қауіпсіздік пен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету шаралары тұрақты жүргізілуде.