Forbes Назарбаевтың «әмияны» Өтемұратов байлығын азайтып көрсетті. Оның кедейленгеніне кім сенеді?..

Dalanews 03 июл. 2023 04:06 1306

Dala Inside арнасы қазақ олигархы иелік ететін капиталдың түбін қопарған Trinity Bugle-дың зерттеуіне назар аударды. Британ басылымы Бөкеңнің миллиардтары табан ақы, маңдай термен табылғанына күмән келтіріпті.

Тағы бір тосын құбылыс: Қаңтардан кейін саяси алаңнан аласталған Болат Өтемұратов соңғы кезде өзінің имиджін түзеуге қауырт кіріскен. Бұған не түрткі болды?..

«Өтемұратовтың көл-көсір байлығы халықтың көз жасына шыланған. Ол әрі кеткенде «Назарбаевтың әмияны» ғана. Осы міндетті адал атқарғаны болмаса, өз еңбегімен байыған басқа бизнесмендердің жанында жіп есе алмайды. Ескі Қазақстандағы коррупциялық система, офшор дауларының бірде-бірі Өтемұратовтың тұлғасын айналып өтпейді. Барымта, сырымтамен табылған капиталды сыртқа тасуда Назарбаев Өтемұратовқа сенім артты», - дейді Батыс басылымы.

Сөйткен Бөкең соңғы кезде әлденеден сезіктенді ме, әйтеуір репутациясын түзеуге қызу кірісіпті.

Trinity Bugle-дың айтуынша Өтемұратов күндердің күні өзіне де кезек келерін де түсіне бастаған. Халықтың кеудесін кернеген ашу-ыза шетелде шалқып өмір сүретін қазақ олигархын алысқа ұзатпайды.

«Кешеге дейін Forbes тізімінде көш бастап келген Өтемұратов аяқастынан 6-шы сатыға сырғып түсті. Кешеге дейін 3,5 млрд доллағра иелік еткен «Назарбаевтың әмияны» әп-cәтте 700 млн долларға «кедейленіп» қалды.


Forbes олигархтың байлығын 2,8 млрд доллларға дейін төмендетті. Демек, басылым басшылығы мен Өтемұратовтың арасында келіссөз жүрген», - дейді Trinity Bugle.

Батыс басылымы «Forbes Өтемұратовтан пара алуы мүмкін» деп топшылайды.

«Шіріген байлардың рейтингін түзетін журналдың шикілігі көп. Мәселен, тізімде Қайрат Сатыбалды есім-сойы жоқ. Неге? Назарбаевтың немере інісі шын мәнінде елдегі ең бай адамның бірі. Сатыбалдының үстінен іс қозғалмай тұра да Forbes оны тізімге кіргізуге батпады.

Ал ескі Қазақстанның тұсында Forbes рейтингінен түспей, Құлыбаевпен таласып жүретін Өтемұратов артын тазалауға көшті. Өзінің имиджін жақсартып, престижін көтеру үшін бизнес-басылымдардың аузын майлауға кірісті. Оның қайырымдылық шаралары да көз алдау», - дейді Trinity Bugle.

Ақорда Өтемұратовтың әлгіндей қулық-сұмдыққа баруының түпкі мақсатын түсініп отыр. Тоқаевтың төңірегі оның «кедейленіп» қалғанына сенбейді. Халықтың ақыл-ойы да таяз емес. Ел алдындағы бет-әлпетін түзегісі келетін Бөкеңнің әрекеті шынайы емесін сезеді.

Сөй деген Trinity Bugle қазақ олигархына қатысты басқа да компроматты әшкере еткен екен. Айтуларынша, Әблязовтың активтерін Қазақстаннан шығаруға Өтемұратовтың компаниялары атсалысқан…

«Әйтсе де, оны тұзаққа түсіру қиын болады. Өз атында ештеңе жоқ. Бүкіл активін Verny Capital-ға аударып тастаған. Бұл қатардағы компания емес, бүтін бизнес империя. Ол табысын жасырудың небір құйтырқы тәсілдерін біледі», - дейді Батыс басылымы.


Dala Inside арнасының пайымдауынша Бөкең сыртқы заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға кіріскен Жаңа Қазақстанның қарқынынан қорқып отыр. Ал Байтасов басқаратын Forbes-қа қояр сауалымыз көп. Өтемұратовтың манипуляциясы басқа да байларға да ой салуы мүмкін. Алдағы уақытта осы тізімнің ондығында жүрген олигархтар күрт «кедейлене» бастаса таң қалмаңыз.

Рекомендовать
Последние новости