Ертісбаевтың айтқан сөзі жалған ақпарат тарату деген бапқа сай келеді - Дос Көшім

Сағыныш Сардарова 21 июн. 2024 16:35 4340

Саясаткер Дос Көшім белгілі лауазымды қызметтер атқарған Ермұхамет Ертісбаевтың тіл турасында айтқан мәлімдемесіне жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дос Көшім Ермұхамет Ертісбаевтың екі ай бұрын айтқан пікіріне қатысты үндеу жасады.

"(Ертісбаев - еск.) Назарбаевтың кеңесшісі болған, Грузиядағы Қазақстанның елшісі қызметін атқарған, мәдениет және спорт министрі болған, мемлекеттік тұлға деп айтуға болады. Сол кісі екі ай бұрын өте ыңғайсыз, қызық сөз айтты. Бұл Қазақстандағы тіл мәселесіне байланысты, "қазақ тілі мен орыс тілі заң бойынша да, іс жүзінде де бірдей" деген аспаннан түскендей мәселені жайып салды. Іс жүзінде орыс тілі қазақ тіліменен қатар емес, қолданылуы жөнінен мемлекеттік тілден жоғары тұр. Бірақ де-юре деген сөзі - заң жүзінде деген сөз. Заң жүзінде Қазақстанда бір-ақ мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі. Әлі есімде, 1989 жылдың алдында алғаш рет Қазақстанның мемлекеттік тілі не болады деген уақытта осы мәселе ең үлкен таласқа түскен. Бірақ, Құдайға шүкір, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қалыптасты, орыс тілі мемлекеттік тіл емес.

Сондықтан Ермұхамет досымыздың айтқаны шылғи жалған, өтірік. Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар, осыны ұмытпайық. Конституцияда және тіл заңында мынадай мәселе жазылған: қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Содан кейін екінші тармағында орыс тілі қазақ тіліменен қатар тек мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ғана ресми тіл есебінде қатар қолданылады (деп жазылған - еск.). Басқа жерлерде, тілге байланысты кикілжің болып жатқан дүкендер болсын, банкілер болсын, бұлардың бәрі мемлекеттік ұйым емес. Сондықтан Ермұхамет Ертісбаевтың айтқан сөзі, менің ойымша, жалған ақпарат тарату деген бапқа сай келеді. Бұған байланысты адамдар сотталады", - деді Дос Көшім BARYS MEDIA арнасына.


Рекомендовать
Последние новости