"Ең алдымен Қазақстан азаматы": Тоқаевтың баспасөз хатшысы Садықовқа жасалған шабуыл туралы

Сағыныш Сардарова 20 июн. 2024 10:49 3315

Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Киевте Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты мәлімдемесіне, сондай-ақ, жәбірленушінің әйелі Наталья Садықованың тұжырымына қатыс түсінік берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Берік Уәли Наталья Садықованың "Біздің арна Президент үшін көзге шыққан сүйелдей болды" деген пікіріне қатысты түсінік берді.

"Қайдағы сүйел? Мемлекет басшысы бұл интернет ресурсты қарамайды, тіпті оған ешқашан қызығушылық танытқан да емес. Қазақстанда әртүрлі бағытта ондаған, тіпті жүздеген мұндай арна, сайттар жұмыс істейді. Бәрі өз қызметтерін атқарып жатыр. Ал аталған арнаның ешқашан еліміздің ішкі ақпараттық мәселелеріне айтарлықтай әсері болған жоқ. Оған қоса, көп адам ондай ақпарат көзінің бар екенін Киевте болған оқыс оқиғадан кейін ғана білді", - деді ол.

Президенттің баспасөз хатшысының пайымдауынша, "Қазақстанға тағылған жалған айыпты ушықтыруды, еліміздің стратегиялық бағытын, соның ішінде сыртқы саясатқа қатысты ұстанымын өзгерту үшін қысым жасауды көздейтін күштер бар сияқты".

Берік Уәлидің сөзінше, қылмыс Украина аумағында жасалғандықтан, тергеуді сол елдің тиісті құрылымдары жүргізеді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің құқық қорғау органдары белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша ақпарат алу үшін Украина тарапына сұрату жолдайды, қажет болған жағдайда жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатыса алады. Айдос Садықовқа бұған дейін тағылған айыптарға қарамастан, ол – ең алдымен, Қазақстан азаматы. Сәйкесінше, ол және оның отбасы өздерінің тиісті құқықтарын пайдалана алады. Конституцияға сәйкес олар ел аумағынан тыс жерлерде мемлекеттің қорғауында және қамқорлығында болады. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовтар отбасына, егер олар келісім берсе, барлық қажетті көмек көрсетуді тиісті мемлекеттік және дипломатиялық қызметтерге тапсырды", - деді Берік Уәли.

Айта кетейік, Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.

Биыл 18 маусымда Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасалды.


Рекомендовать
Последние новости