Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті барысында өз ұлы Рустам Эмомалиді елдің болашақ басшысы ретінде бейресми түрде таныстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz "Евразийский брифинг" сарапшыларына сілтеме жасап.
Бұл қадамның мақсаты – Тәжікстанның негізгі саяси және экономикалық серіктестері, әсіресе Ресей тарапынан қолдау алу еді.
"Рахмон билікті әкеден ұлға бейбіт әрі болжамды түрде өткізуге ұмтылып отыр. Сол үшін ол елдегі оппозициялық күштер мен өзіне адал емес саяси және экономикалық элиталарды әлсіретуге тырысып келеді. Мұндай топтар билік транзитіне кедергі келтіруі немесе оны күрделендіруі мүмкін", - дейді сарапшылар.
Билік ауысуы Тәжікстанда не мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауы арқылы, не 2027 жылы қазіргі президенттің өкілеттік мерзімі аяқталған соң жүзеге асуы мүмкін.
Рустам Эмомалидің мансабы әкесінің жолын жалғастыруға бағытталған. Ол еңбек жолын Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің құрылымдарында бастап, кейін кеден қызметін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті және инвестиция мен мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетті басқарды.
Қазір Рустам Эмомали 2017 жылдан бері Душанбе қаласының мэрі, ал 2020 жылдан бастап Маджлиси Миллидің төрағасы қызметін атқарады. Бұл лауазым оған елдегі екінші тұлға мәртебесін береді. Конституцияға сәйкес, егер мемлекет басшысының өкілеттігін атқару мүмкіндігі жойылса, президенттің өкілеттігі толық Рустам Эмомалиге өтеді.
Соңғы жылдары Эмомали Рахмон ұлын белсенді түрде саясатқа шығарып, халықаралық деңгейде таныстырып жүр. 2025 жылдың ортасында Рустам Эмомали Ресейге жұмыс сапарымен барып, президент әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдерімен кездесті.
Бақылаушылардың пікірінше, осы сапар барысында Эмомали Мәскеуден билік транзитіне қатысты стратегиялық қолдау алған. Ресей әкеден ұлға билік беру схемасын қолдайтыны туралы болжамдар наурыз айында Владимир Путин мен Эмомали Рахмон арасындағы бейресми келіссөздерден кейін күшейе түсті.
Рустам Эмомалиді ТМД саммитінде мұрагер ретінде таныстырудан кейін, ендігі басты мәселе - билікті қашан және қандай жағдайда тапсыру болмақ. Бұл процесс Тәжікстанда династиялық сабақтастықты заңды түрде бекітіп, аймақтағы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
73 жастағы Эмомали Рахмон 1992 жылдан бері елді үздіксіз басқарып келеді. Сарапшылар оның билік транзитін жеделдету туралы шешімін ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығымен байланыстырады. Ел ішінде ол өз мұрасын сақтап қалуға тырысып жатса, сыртқы саясатта Орталық Азиядағы тұрақсыздық пен геосаяси қысым Душанбе билігін ұзақ мерзімді және болжамды саясат ұстануға мәжбүрлеп отыр.
Осылайша, Эмомали Рахмонның ұлын мұрагер ретінде ашық таныстыруы – Тәжікстандағы билік жүйесінде сабақтастықтың нақты орнағанын және бұл бағыттың баламасы жоқ екенін айқындаған саяси белгі болды.
