Елорда көшелері мен мектептеріне ұлт тұлғаларының есімі беру жалғасады

Dalanews 20 февр. 2021 06:45 856

Елордадағы Достық үйінде «Жасампаз бастамалар: жаңа формат, айқын көзқарас, ортақ келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалық етуімен өткен жиынға Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, қоғам және ғылым қайраткері Есберген Алауханов, ҚР Парламенті Мәжілісі I шақырылымының депутаты, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеген Қуанышев, ҚР Ұлттық академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев, қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Оразкүл Асанғазы сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын барысында елорда мәслихаты депутаттарының алдағы жұмыс жоспары таныстырылды.

– Тәуелсіздік – біздің бар байлығымыз, баға жетпес құндылығымыз. Мемлекет басшысы айтқандай, биыл – қоғам мүддесіне арналған игі шаралар жылы. Тәуелсіздік жолындағы жасампаз жұмыстар өздеріңізбен бірге іске асып келеді. Осыған орай тәу етер қастерлі Тәуелсіздігіміздің құндылығы жастарымыздың санасына терең орнығуы керек. Мұны баршамызға жүктеліп отырған жауапты міндет деп есептейміз, – деді Бақтияр Мәкен.


Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтіп, жыл басында өткен Парламент Мәжілісі мен қалалық мәслихаттар сайлауы кезінде тәуелсіз бақылаушы болып, саяси науқанға белсенді араласқандары үшін зор алғысын білдірді.

– Өткен жылы Нұр-Сұлтанда ауқымды шаралар өтті. Атап айтқанда, елордадағы бірқатар көше мен мектептерге ұлы тұлғалардың есімі берілді. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, әл-Фараби, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы сынды ірі тұлғалар бар. Сонымен қатар Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынованың атына да көше берілді. Бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасады, –деді елорда әкімінің орынбасары.

Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарына сәттілік тілеген зиялы қауым өкілдері оларға жүктелген міндеттердің де ауыр екенін еске салды. Сонымен қатар елордада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға ризашылығын білдірген зиялы қауым өкілдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және басқа да елордадағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Өз кезегінде Оразкүл Асанғазы әлі де қазақ тілді жарнамаларға аса мән беру керектігін айтты.

– Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы бұрын Целиноград қаласы болып тұрған кезінде көшелерде қазақша атау некен-саяқ еді. Астана осы жаққа көшіп келгеннен кейін барлық көше атаулары қазақыланды. Қазақша көше аттары бойынша Қазақстанда бірінші орынға шықты. Дегенмен қазақ тілінің әлі де қолданыс аясын кеңейту керек. Мәслихат депутаттары сайлаушылармен кездескен кезде тұрғындармен ең әуелі қазақша сөйлесуі керек, – деді Оразкүл Асанғазы.

Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен барлық ұсыныс-пікірлер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости