Экс-судья Жолманова соңғы сөз айту үшін сотқа келмеді

Көркем Алдабергенова 10 июн. 2025 17:06

Экс-судья Жолманова соңғы сөз айту үшін сотқа келмеді. Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың соңғы сөз айтуы жоспарланған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда Светлана Жолманова бұл құқықты пайдаланып, сотқа барудан бас тартты. Айыпталушы келмегендіктен, сот істі оның қатысуынсыз қарауды жалғастырды.

Істің тағы бір фигуранты Данияр Кушалиев соттан бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Осыдан кейін сот кеңесу бөлмесіне кетті.

Светлана Жолманова аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп айыпталуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында ол жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деген сылтаумен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденген. Барлығы 48 эпизод бір өндіріске біріктірілген.

Бұл іс туралы не белгілі?

Светлана Жолмановаға қатысты іс Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр. Оған 1 млрд теңгені алаяқтық жолмен иемденді деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сай ол түрлі тендерлер мен жылжымайтын мүлік мәмілелеріне көмектесемін деп, оған қоса экс-әкімнің әйелімен араласамын деген сылтаумен адамдарды алдаған. Жұмыстан кеткен соң да өзін судья ретінде таныстырып, ақша бопсалауды жалғастырған. Қазіргі таңда 48 эпизод тіркелген, жәбірленушілер арасында судьялар да бар.

Екінші айыпталушы - бұрынғы полицей Данияр Құшалиев. БАҚ мәліметінше, ол бұған дейін пара алу дерегі бойынша ұсталған.

Бұған дейінгі істері

Айта кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол сот шешімдерін белгілі бір адамдардың пайдасына шығаруға көмектескен деген күдікке ілінді.

29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жолманованың өкілеттігі тоқтатылды.


Рекомендовать
Последние новости