Экс-министр Жақсылықов туралы жалған ақпарат таратқандарға қатысты тергеу басталды

Көркем Алдабергенова 16 июн. 2025 15:25

Экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы жарияланымдардан кейін жалған ақпарат тарату фактісі бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құқық қорғау және қадағалаушы органдар бұрынғы министрге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғанын растаған жоқ – бұған дейін БАҚ-та оның ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Полиция бұрынғы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың ұсталғаны туралы ақпараттың интернетте, соның ішінде БАҚ-та таралуынан кейін тергеу жүргізе бастады. Бұл туралы BES.media-ның ресми сұрауына жауапта айтылған. Сұрау бұрынғы министрдің қылмыстық іске қатысы бар-жоғын нақтылау мақсатында жолданған. Айта кету керек, редакция құқық қорғау органдарының ақпараттың шынайылығын тексеруі мәселесін қозғамаған.

«Сұрауда көрсетілген тұлғаның ұсталғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша Астана қаласы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі – “Бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – деп хабарлады ІІМ.

ІІМ-мен қатар BES.media-ның сұрауына ҰҚК, Бас әскери прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет те жауап берді. Бұл органдар Руслан Жақсылықовқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растамады, ал Бас прокуратура сұрауды ІІМ-ге жолдап, жоғарыда келтірілген жауапты ұсынды.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та экс-министр Руслан Жақсылықов қамауға алынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ең әуелі Ұлысмедиа және Elmedia порталдары өз дереккөздеріне сүйеніп, Руслан Жақсылықов қамауға алынғанын хабарлады. 

Алайда ресми органдар бұл ақпаратты ресми растамады. 

Кейін Жақсылықовтың қамауда емес, өз үйінде отырғаны анықталды. 

Tengrinews.kz тілшісімен телефон арқылы сөйлескен ол қазір Астанадағы үйінде екенін және отбасы мүшелерімен бірге түскі ас ішуге дайындалып жатқанын айтты.

"Бұл шындыққа жанаспайды", – деп атап өтті Жақсылықов.

Сонымен қатар, ол жалған ақпарат таратқандарды сотқа беретінін жеткізді.


Рекомендовать
Последние новости