Декреттік төлемдерге шектеу енгізілді: Енді болашақ аналар миллиондардан қағылуы мүмкін

Қаракөз Амантай 01 апр. 2025 17:24 724

Қазақстанда декреттік төлемдерді есептеу тәртібі өзгерді. 8 сәуірден бастап ең жоғары жәрдемақы мөлшері 595 мың теңге кіріске қарай есептеледі. Бұрын бұл төлемдерде шектеу болмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәселен, жақында ана атанғалы жүрген Қарағанды қаласының тұрғыны Марина Айтова әлеуметтік аударымдары жоғары болуы үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, табысын арттырған. Алайда жаңа ережеге сәйкес, ол күткеннен әлдеқайда аз жәрдемақы алады. Бұл туралы ол 31 -арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына мәлімдеді.

“Мен жұмыстан да, жеке кәсіпкерліктен де ақша аударатындықтан, біз алатынымыздан да көп беретініміз анық. Ешкім барлық шығынды көтермейді. Бірақ біз өзімізге тиесіліні алуымыз керек. Әйтпесе әділетсіз”, – деді Қарағанды қаласының тұрғыны Марина Айтова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа бұйрығы бойынша, бала тууға байланысты жәрдемақыны есептеу кезінде ең жоғары кіріс 595 мың теңгемен шектеледі. Осыған байланысты әйелдер бұрынғыдай 2,5 миллион теңгеге дейін жәрдемақы ала алмайды. Оның үстіне, алынған төлемнің 10%-ы зейнетақы қорына аударылады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері бұл өзгеріс жасанды кіріс көрсетудің алдын алу және қордағы қаржының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін енгізілгенін айтады.

“Бұл түзетулер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры активтерінің мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және әлеуметтік төлемдерді тағайындаудағы жалған схемаларды жою мақсатында әзірленді”, – деді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Қарағанды облысы бойынша филиалдарының бас маманы Гүлнар Қашаубаева.

Экономист Марат Әбдірахманов бұл өзгеріс бала туу көрсеткішінің төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Ол экономикалық тұрақтылық үшін басқа қадамдар жасауды ұсынады.

“Импортымыз – 90 миллиард доллар, яғни импортқа тәуелділігіміз ресми мәлімет бойынша 90%, осы жағдайдан шығу үшін өндіріске қосылған құн салығын алып тастап, импортқа ҚҚС қалдыру керек. Сонда бюджет ұтады, азаматтар да ұтады, өйткені барлық баға бірден төмендейді”, – деді экономист Марат Әбдірахманов.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бері 2 мыңнан астам азамат табысын жалған көрсеткенін өз еркімен мойындап, осының арқасында әлеуметтік сақтандыру қоры 4 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеген.


Рекомендовать
Последние новости