Дана Нұржігіт: "Мен майданға кетіп барамын..."

Dalanews 13 авг. 2019 13:08 953

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен бірқатар Сенат депутаттары тағайындалды күні кеше. Олардың арасында Қазақстан арнасындағы “Дара жол” бағдарламасының жүргізушісі Дана Нұржігіт те бар.

Дана Нұржігіт аталған тағайындауға қатысты әлеуметтік желіде өз ойын жазды.

-Қадірлі оқырмандарым, қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын.Көп рақмет!

Президент Жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса,салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын.

Халық аманатын көтеріп,көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр. Арық сөйлеп,семіз шықсын деймін...

Қал-қауқарымша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес,  халық қызметшісі болуға ұмтыламын.


Оны айтып отырған себебім: "Dara jol" хабары тоқтамайды.

Сол жердегі кездесулер, үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізері анық.

Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын...  Атымды ерттеп, Батаңызды беріп,ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін...

Зор құрметпен:
Дана Нұржігіт

Дана Нұржігіт осы күнге дейін бірқатар арналарда қызмет атқарды. Соңғы кездері “Қазақстан” телеарнасынан көрсетілетін “Дара жол” бағдарламасынан бөлек, “Балапан” телеарнасының “Дара бала” атты жобаларын жүргізді.

 

Рекомендовать
Последние новости