Бөкей ордасы ауданы қарқынды дамып келеді

Dalanews 06 сент. 2017 17:33 1226

Таяуда Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингке Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов қатысты. Әңгіме өзегі тарихы бай өңірдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі турасында болды.

Бөкей ордасы ауданында 16 мыңнан аса халық тұрады (7 ауылдық округ, 22 елді мекен бар). 2017 жылы  аудандық бюджет  3 млрд. 582 млн. 485 мың теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша шаруашылықтарда  67 228 бас ірі қара, 126 979 бас қой мен ешкі, 21 389 жылқы,  1176  түйе бар (өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малының саны – 3,9%-ға,  жылқы – 4,7%-ға өскен). Аудан бойынша бір тұрғынға шаққанда 5 мал басынан келіп тұр, бұл облыстағы алдыңғы қатарлы көрсеткіш.

Ауданда 495 шаруа қожалығы тіркелген. 7 айда жаңадан 17 шаруа қожалығы ашылып, оларға 21 900 га жер телімі пайдалануға берілді (жерді тиімді пайдаланбаған 2 шаруа қожалығы жабылып, олардың 850 га жері мемлекет еншісіне қайтарылды).

Ауданда 19 асыл тұқымды шаруашылық бар  (2014 жылы 7 шаруашылық). Соның ішінде «Хан ордасы» ЖШС бактриан түйесін, 16 шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырын, 2 шаруа қожалығы асыл тұқымды «Көшім» және жабы жылқыларын өсіреді. 2017 жылы 8 шебер - жоспар бойынша  5 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал сатып алса, 1 шаруа қожалығы мал бордақылау алаңы құрылысына материалдарын дайындап, жерін белгілеуде. 1 шаруа қожалығы жаңадан қыстақ салып, асыл тұқымды қойларға селекциялық жұмыстарымен айналысуда және Темір Масин ауылдық округінде қымыз өңдейтін цехын  салу және цехтың құрал жабдықтарын алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2016 жылы шаруа қожалықтары 487 млн. 403 мың теңге субсидия алса, ағымдағы жылдың 7 айында оларға 314 млн. 514 мың теңге көлемінде субсидия төленді.

Биылғы жылғы мал азығының қорын жасақтау мақсатында 140 мың тонна көлеміндегі шөп дайындау жоспарланған болатын. Шабылған шабындықтың әр гектарынан 4,5  центнер өнім алынып, күні бүгінге мал азығы 100% дайындалды.  Бұның сыртында былтырғы жылдан қалған 20,5 мың тонна мал азығының қоры бар.

Мысалы, 2016 жылы лизингке 12 шөп шабатын агрегат, 13 трактор алынған болса, ағымдағы кезеңде алынған агрегат саны 30-ды,  тракторлар саны  24-ті  құрады.

Ағымдағы мерзімде ауданда 955 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бизнесте 1912 адам жұмыс істейді. Олар 7 айда 2 млрд. 874 млн. теңгенің өнімін өндірді. Ол өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 12%-ға ұлғайды.

Ауданда 4 азық-түлік, 1 шаруашылық дүкендері, 1 наубайхана, 1 автосервис, 1 жиһаз цехы ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасы аясында 2 бизнес жобаға мемлекеттік грант берілді: Сайқын ауылында ағылшын тілін оқыту орталығы (А.Нұрланова -1 млн. 300 мың теңге) және жиһаз цехы (Ж.Садарова - 3 млн. теңге).

Биылғы жылы 284 адам жұмысқа орналасқан болса, соның ішінде 143 адам тұрақты жұмысқа, 103 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 38 адам жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасты. 270 адам қоғамдық жұмыспен қамтылды.

«Дипломмен – ауылға»  бағдарламасы  бойынша жұмыс істеуге келген 15 маманға  2 млн. 382 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді, 8 маманға 27 млн. 228 мың теңге  бюджеттік несие берілді.

Биыл кезекте тұрған азаматтарға жалға берілетін коммуналдық үйлер құрылысы жалғасын табуда. 5 екі пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу үшін ЖСҚ құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілді (жобаның жалпы құны 110 млн. 664 мың теңге). Сонымен қатар 16 екі пәтерлік тұрғын үйдің ЖСҚ дайындалып, қазіргі таңда сараптамадан өтті және 26 екі пәтерлік тұрғын үй құрылысына ЖСҚ дайындау жұмысына конкурс жарияланды. Сонымен қатар аудандағы бұрынғы аурухана ғимаратына жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда, жақын арада кезекте тұрған
8 отбасына пәтер ретінде  табыс етіледі.

Аудан бойынша 22 елді мекеннің 10-ы орталықтандырылған сумен қамтылған Тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі 62,4 пайыз. Қазіргі таңда Сайқын,  Бөрлі, Көктерек және Жамбыл ауылдарының су құбыры құрылыс жұмыстары жүргізілуде және 7 елді мекеннің (Шоңай, Жәрмеңке, Әжен, Тайғара, Қарасу, Үштерек, Кеңой) су құбыры құрылысы жұмыстарына ЖСҚ дайындалуда. Бұл жұмыстарды аяқтаған соң, тұрғындардың сумен қамтылу деңгейі 96,5 пайызға жетеді деп күтілуде.

Ауданда 22 ауылдың 9-ына табиғи газ тартылған (Сайқын, Мәмбет, Жәрмеңке, Мұратсай, Әжен, Орда, Қарасу, Үштерек, Бисен). Газбен қамту 61 пайыз.

11 елді мекенді газбен қамту үшін 1 млрд. 780 млн. теңге (Саралжын, Бөрлі, Ұялы, Кеңой, Жиекқұм, Көктерек, Жамбыл, Шоңғай, Сейтқали, Мәмбет, Қарасу) қаржы бөлініп, газдандыру жұмысы жүруде. Жұмыс аяқталғасын ауданның газбен қамтылуы 99 пайызға жетпек.

Соңғы 5 жыл ішінде аудандағы 18 мектептің 6-ауы күрделі жөндеуден өтті. 2017 жылы оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 5 млн. 300 мың теңге қаржы бөлінді.

-«Өздеріңіз білетіндей ауданның тарихи-мұражай кешені еліміздің 100 киелі орындарының тізіміне енгізілді. Бұл біздерге зор мақтаныш болғанымен, әрі үлкен жауапкершілікті де жүктеп отыр. Осыған байланысты біз ауданға шағын авиация әкелу мәселесін дұрыстап қарастырып жатырмыз. Одан бөлек, ауылда туристерге арналған ойын-сауық орындары да салынатын болады. Күні бүгін ұшақ қонатын аэродрамға лайық жер іздестірілуде. Жалпы, жоспар көп» – деді Н.Рахымжанов.

Аудан әкімі, сондай-ақ, қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры М.Мәметованың Орал қаласындағы ескерткіші туған жері Орда топырағына жеткізілгендігін, ескерткіштің ашылу рәсімі батырдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни 2 қазанда өтетіндігін хабарлады.

Рекомендовать
Последние новости