Бекшин алматылық оқушылары офлайн форматта оқи алатынын айтты

Dalanews 08 авг. 2021 09:34 1067

Бүгін Алматы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин Алматыда мектеп оқушыларының офлайн режимде оқуының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Біз Мемлекет басшысының оқушылардың офлайн режимде оқулары тиіс деген тапсырмасын орындауға міндеттіміз. Ол үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуіміз керек. Біз сол үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді Алматы қаласы СЭБД басшысы.

Жандарбек Бекшин, біріншіден, мегаполистің барлық мектептерінде Ashyq жобасын енгізілетінін айтты. Бұл оқу орындарына дерт жұқтырған немесе КВИ-мен ауырғандармен байланыста болғандардың кіруіне жол бермеу үшін жасалады. Бүгінде «Атамекен» аумақтық палатасының ақпараты бойынша, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің 100%-ы QR-кодын алды және 1 қыркүйектен бастап Ashyq-та жұмыс жасауға дайын.

– Қорғанудың екінші желісі – оқушылар жиналатын орындарда – асханаларда, жуынатын бөлмелерде рециркуляторларды енгізу. Біз бұл мәселені мектеп әкімшілігімен қарастырып, ата-аналар комитетімен талқылайтын боламыз. Үшінші желі – сыныптарда ауаны тазартатын дезораторларды орнату. Бұл жапондық инновациялық құрылғы. Құрылғылар Қазақстанға жеткізілді. Дезинфекция құралдары Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінде сертификатталған, сыналған және тіркелген. Егер бұл бағдарлама мақұлданса, оны енгізетін боламыз, – деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Ол ведомства жұмысындағы басты мәселе қала оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.

– Біз балаларымыздың қауіпсіз ортада оқуына мұқият дайындалудамыз. Ал біз оларға биыл офлайн режимде білім беруіміз керек. Бір жылдан бері балалар қашықтан оқыды, және бұл, әрине, білім сапасына әсер етеді, – деп қосты Жандарбек Бекшин.

Студенттерге келетін болсақ, Алматы қалалық СЭБД басшысы қаланың жоғары оқу орындары мен колледждер оқытушыларының жоғары деңгейде вакциналанғанын хабарлады. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарына Ashyq жүйесін енгізу туралы мәселе қойылады. Жандарбек Бекшин студенттер арасында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Студенттер де онлайн оқудан мезі болды. Бірақ оларды толықтай қамтамасыз ету үшін барлық талаптарды орындап, мектептерде ғана емес, қаланың колледждері мен жоғары оқу орындарында да қауіпсіз білім алуға жағдай жасау қажет, – деді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

Рекомендовать
Последние новости