Бекетаевқа қатысты іс "құпия" түрде тергеліп жатыр

Қаракөз Амантай 02 окт. 2024 14:09 2419

Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты тергеу жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ өкілдері Антикорға "Бекетаевтың ісі Bolashak Consulting Group компаниясының бас директорына қатысты тергеумен байланысты ма?" деп сұрақ қойды. 

Сарқұловтың айтуынша, тергеуге байланысты кейбір мәліметтер "құпия" грифімен белгіленген, сондықтан нақты ақпараттар жарияланбаған.

"Арбитраждық істер бойынша миллиондаған доллар шығын ел мүддесіне шешілмей жатқандықтан, қосымша сұрақтар туындады. Қазір тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Мәліметтер құпияланған. Екі түрлі қылмыстық іс пе, біреу ме, дәл қазір нақтысын айта алмаймын. Біз бұл істерге міндетті түрде құқықтық баға береміз", – деді Сарқұлов. 

Еске салайық, Антикор бұрынғы әділет министрін 2023 жылдың 21 қазанында елден қашып кетпек болған кезінде ұстаған еді. Оған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, мемлекетке ірі көлемде залал келтірді деген айып тағылды.

Айта кетейік, Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Ол қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен босатылып, кейін премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді. Бірақ ол кеңесші қызметінен бір жылдан кейін кеткен.


Рекомендовать
Последние новости