«Бәйтерек» холдингі аграршыларға 100 млрд теңгеге жеңілдікті лизинг ұсынады

Сағыныш Сардарова 25 июн. 2024 12:00 2192

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешені Үкімет жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Биылғы жылы азық-түлікті қайта өңдеуге ғана емес, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландырудың айтарлықтай ұлғаюына да ерекше назар аударылды. Бұл туралы Primeminister.kz сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.

«Фермерлер теңгемен жылдық 5% жеңілдікті ақшаға қол жеткізді. Сондай-ақ, жақында «Бәйтерек» Холдингі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша лизингтің жаңа, сондай-ақ аграршылар үшін 5%-дық бағдарламасын іске қосты», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісін қолдау шеңберінде «Бәйтерек» Холдингі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін 100 млрд теңге сомасына жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске қосты.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жылдық 5%-бен 7 жылдан аспайтын мерзімге қаржыландыруды ұсынуды көздейді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша, 2024 жылдың алғашқы бес айында аграршылар 4 мыңнан астам техника сатып алған, оның 60%-ы отандық өндіріс.

«Жеңілдікті лизинг» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 17 маусымда басталды. Өтінім беру үшін Telegram bot КазАгроФинанс «@KazAgroFinance.bot» электрондық кезегі пайдаланылады» (https://t.me/kaz_agro_finance_bot).

Клиенттер Telegram bot-қа өтінім берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өңірдегі «ҚазАгроҚаржы» филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет. Филиалдардың байланыстары компанияның www.kaf.kz сайтында көрсетілген.


Рекомендовать
Последние новости