Банк қожайындары "қызыл сызықтар" жөнінде кеңеспек - DALA INSIDE

Dalanews.kz 16 сент. 2025 13:22

Мемлекет банктерге тізесін қаттырақ батыра бастағандықтан, еліміздегі бірнеше банк қожайындары бұрынғы бәсекелестік пен алауыздықтарын ұмытып, бірлесіп қуатты лобби құру жөнінде ақылдаса бастады. Олардың ойынша, соңғы екі жылда мемлекет жекеменшік банктерге көп тиісіп, мүмкіндіктерін де, даму перспективаларын да шектей бастаған. Бұл туралы DALA INSIDE арнасы жазды.

"Банктерге салынатын корпоративті табыс салығы келесі жылдан бастап 20 пайыздан 25 пайызға көтеріледі. Онымен қатар, жекеменшік тұлғаларға кепілсіз кредит беру бойынша көптеген шектеу енгізілді. Енді мемлекет жеке тұлғалардың депозиттерін де қарап отырмақ. Аталған үш қысым банктерді таза табысынан айыратыны анық. Банк қожайындары осыған алаңдап отыр", - дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Бұған дейін банктердің негізгі "выручкасы" жеке тұлғаларға кепілсіз несие беруден келетін. Биылғы жылдың 7 айында еліміздегі банктердің таза табысы 1,6 триллион теңгені құрады. Енді жаңа шектеу нормалары енгізілсе, кредит алатын жеке тұлғалардың саны күрт азаяды. Сонымен бірге, көлеңкелі, бейресми табысы бар адамдар ақшасын депозиттен шешіп, қолма-қол түрінде үйінде сақтайды деген болжамдар бар. Себебі салық органдары кез-келген жеке тұлғаның депозиттегі қаржысына қатысты сұрақ қою мүмкіндігіне ие болмақ. Дәл осы тұста табысы азайған банктердің салық жүктемесі де артып, одан қалатын таза табыс мүлде мардымсыз болу қаупі бар.

"Банктер сезіп отыр. 2025 олардың мол табыс алатын соңғы жылы. 2026 жылы мұндай мүмкіндік мүлде болмайды. Сондықтан, өз құқықтары мен бизнестерін қорғау үшін бірігіп, лоббилерін күшейтпек. Осы орайда, банк акционерлері Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ықпалын арттыруды көздеген. Қауымдастыққа Үкіметпен қатаң сөйлесе алатын беделі бар, белгілі банкирлердің бірін басшы қылу идеясы да талқыланған", - деп бөлісті дереккөз.

Банкирлер Үкіметке қызыл сызықтар қоюға дайын. Яғни қазір қабылданған нормалардан басқа болашақта банктердің табысына ауыз салатын, өмірін қиындататын жаңа шектеулер енгізілмеуге тиіс. 


Рекомендовать
Последние новости