«Арқадағ» ескерткіші бой көтерді

Dalanews 29 мая 2015 03:27 1073

Тарих қайталанады. Жақсы жағынан да, жаман жағынан да. Алысқа бармай-ақ көрші Түркіменстанға назар салсаңыз жеткілікті.

КСРО ыдырып, оған бағынышты болған автономиялы республикалар жеке шаңырақ көтеріп жатқанда, Түркіменстан Республикасы да тарихи сахнаға шықты. Алғашқы президенті ретінде «Түркіменбашы» атанған Сапармұрат Ниязов билікке келген болатын. Әйтсе де, Ленин мен Сталинның «сара» жолын көрген бұл көсем солардың ізімен жүруге тырысып бақты. Тіптен асып түсті десек те болады. Көшелер мен мектептерге, қыза келе тұтастай қалаға өз атын беру дәстүрге айналды. Кейін келе шектен шығып, аптаның жеті күніне де ауыз салды. Яғни, апта аттарына өз әке-шешесінің есімін берді. Тірі кезінде-ақ мәрмәрдан, алтыннан жасалған шағын мүсіндеріне риза болмай, Ашхабадтың орталығынан биіктігі 75 метр болатын «Бейтараптық аркасының» төбесіне орнатылған 12 метрлік әйгілі алтын мүсіні бой көтерді. Оның үстіне Түркіменбашының ескерткіші үнемі бетін күнге беріп айналып тұратын етілді. Ары қарай тізе берсеңіз, мұндай авторитарлық іс-әрекеттер жетіп артылады.

«Түркіменбашының» көзі жұмыла салып, орнына келген Гурбангулы Бердімұхаммедов одан қалған сарқыншақтарды жоя бастады. Атына берілген объектілерді өзгертті, ескерткіштерін қиратты. Енді авторитарлық жүйе келмеске кеткендей көрінген. Бірақ, Бердімұхаммедов те «сара» жолдан жаңылған жоқ. Ең әуелі түркімен шенеуніктері мен мемлекеттік ақпарат құралдары арқылы «Арқадағ» («Қамқоршы») деген ныспыға ие болды. Жақында ғана өз құрметіне жалпы биіктігі 21 метрге жететін алып ескерткіш орнатқызды. Ескерткіштің 15 метрлік тұғыры ақ мәрмәрдан қаланған, ал ахалтеке сәйгүлігіне мінген президенттің мүсіні 24 карат алтынмен апталған. Әрине, мүсін мемлекет қаржысына тұрғызылды. Яғни, сіз бен біз сияқты түркімендердің – қарапайым халықтың қалтасынан төленген салыққа. Дәл осы президенттің пәрмен беруімен Ашхабадты ақ қалаға айналдыру мақсатында талай тұрғын үй сүрілген болатын. Бірақ тұрғындарға еш төлемақы бұйырмаған. Есесіне, оның орнына «Арқадағтың» аспанмен тірескен ескерткіші бой көтерді. Бұл жағынан Түркіменбашыға жете қоймаса да, аяқ алысы жаман емес... Алда одан да зорғысын көретін болармыз, бәлкім! Өйткені, тарих қайталанады...

 

Нұрсерік Тілеуқабыл


Рекомендовать
Последние новости