АҚШ-қа кіруге арналған визаны рәсімдеу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді әлемнің 38 елінің азаматтары АҚШ-қа B1/B2 санатындағы визаны (іскерлік сапар, туризм, емделу және өзге де қысқамерзімді мақсаттар) алу кезінде 5 мыңнан 15 мың долларға дейін кепілдік қаржы енгізуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл талап Орталық Азияның үш еліне де қатысты болып отыр. Атап айтқанда, тізімге Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан азаматтары енген. Кепілдік қаржы консулдық виза беру мүмкіндігін мақұлдағаннан кейін енгізіледі. Дегенмен кепілдік төленуі визаның міндетті түрде берілетінін білдірмейді.
Кепілдік қаржы енгізіп, виза алған азаматтар АҚШ аумағына тек үш әуежай арқылы ғана кіріп-шыға алады. Олар: Бостон Логан халықаралық әуежайы (BOS), Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежай (JFK) және Вашингтон-Даллес халықаралық әуежайы (IAD).
Егер виза иесі АҚШ-тан белгіленген мерзімде шығып кетсе, кепілге қойылған қаражат толық көлемде қайтарылады. Сонымен қатар, виза берілмеген жағдайда да, немесе виза алынғанымен АҚШ аумағына кірмеген болса да, енгізілген қаржы кері қайтарылады.
Қысқаша айтқанда, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан азаматтары үшін АҚШ-қа бару талаптары тағы да күрделене түскендей.
