Алматының еңбек инспекциясы басқармасы Еңбек заңнамасын түсіндіру бойынша 82 кездесу өткізген

Dalanews 17 мая 2023 12:14 1297

Алматыда еңбек инспекторлары жұмыс берушілер арасында 20,4 млн теңгелік сомаға заң бұзушылықтарды анықтады. Қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Еркінбек Әмірғалиев айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқарма жыл басынан бері 230 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, еңбек заңнамасы нормалары бойынша 294 заң бұзушылықты анықтап, оларды жою үшін 159 ұйғарым шығарған.

– 20,4 млн теңге сомасына 112 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалақыны уақтылы төлемегені үшін 13,3 млн теңге сомасына 82 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді спикер.

Сонымен қатар басқарма қызметкерлері қаладағы кәсіпорындар арасында Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру үшін 1 716 адамның қатысуымен 82 кездесу өткізген. 451 азаматқа еңбек заңнамасының нормалары бойынша түсініктемелер беріліпті.

177 кәсіпорында 116,4 млн теңге сомасына жалақы бойынша берешек өтелді, осылайша 764 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалған.


– Қала кәсіпорындарында жасалған 27 551 Ұжымдық шарттың (2023 жылдың басынан бастап 100 КД) мониторингі мен тіркеуі жүзеге асырылды, – деп толықтырды Еркінбек Әмірғалиев.

Қала кәсіпорындарында өндіріске байланысты 30 жазатайым оқиға анықталып, тіркелді. Зардап шеккендердің саны – 31, оның ішінде 4 адам өлім құшты, 9 адам ауыр жарақат алса, 18 адам жеңіл жарақат алған.

Бас еңбек инспекторының деректері бойынша Алматыда жұмыс істеп тұрған 113 916 кәсіпорын бар, жалдамалы қызметкерлер саны – 897 925 адамды құрайды.

Рекомендовать
Последние новости