Алматыда ұстаздардың кәсіби дамуы мен тәжірибесін шыңдайтын онлайн семинар өтуде

Dalanews 11 нояб. 2020 14:38 1550

9-19 қараша күндері Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қазақ филологиясы кафедрасының жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту орталығының ұйымдастырыуымен ЖОО, колледж оқытушыларына, мектеп мұғалімдеріне «Оқытушының кәсіби дамуын және тәжірибесін арттыратын мүмкіндіктер» атты қалалық практикалық онлайн семинарлар өтуде.  

Айтулы шарада оқытушыларды кәсіби дамыту және үздіксіз кәсіби дамуын дербестендіру, бағдарлау мен үздіксіз білім алу бойынша біліктілікті арттыруды көздейтін семинар-тренингке «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ қызметкерлері мен 70-тен аса қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысқанын айта кетуіміз керек.

Семинардың алғашқы күні Білім саласындағы көшбасшылық пен менеджмент магистрі (Ұлыбритания). ф.ғ.к. Еділбай Төлеубайұлы Оспанов  мырза «Академиялық жазылым: эссе және оның түрлері» тақырыбында  Академиялық мәтін ретінде эссенің өзге жазба жұмыстарынан айырмашылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, Эссенің түрлеріне (аргументтік, салыстыру эсселері) және олардың жазылу құрылымдарына мысалдар мен үлгілер арқылы талдау жасады.

Ал Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Зауырбекова Гүлхадиша Оғызбайқызы «Қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі аударма техникасы» тақырыбында дәріс оқып, семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Семинар тренингтің үшінші күні Абай атындағы ҚазҰПУ С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Тоқшылықова Гүлназ Базарбайқызы «Әдеби тек және оның түрлері»,  «Әдеби теориялық ұғымдарды оқыту жолдары», «Әдеби образ түрлері және оның жасалу жолдары» тақырыптары бойынша әдебиеттің эпикалық, лирикалық, драмалық тек болып бөліну себебі, өзіндік ерекшелігі мен шарттылықтары; әдеби тек (жанр) түрлеріне және сөз өнеріндегі – Ажарлау, Құбылту, Айшықтау тәсілдеріне жан-жақты тоқталып, құнды мағлұматтармен таныстырды.

Сонымен қатар, PhD докторант, Уорик Университетінен Мұхтарова Анар Нұрділдәқызы «Білім берудегі зерттеу әдістері» тақырыбында дәріс оқыды. Білім берудегі зерттеу әдістері туралы түсінікті дамытуға бағытталған дәріс барысында оқу үдерісін зерттеудегі сапалық және сандық әдістерімен қоса аралас зерттеу әдістері туралы мол ақпарт берілді. Анар Нұрділдәқызы зерттеу жобасындағы зерттеу дизайны бөліміне тоқталып, түрлі мысалдар келтіріп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Семинарға қатысушылар шетелдік және отандық ғалымдар мен практик мұғалімдер дәріс оқитын 80 сағаттық семинар жұмысының мазмұнды, әрі мұғалімдерге аса қажет тәжірибеге бай екендігін атап өтіп, ризашылықтарын білдіруде.

Алдағы күндері семинар бағдарламасы бойынша Алматы қаласындағы №8 гимназияның мұғалімі, ф.ғ.к. Әбікеева Бақытжан Кеншімқызы «Стильдік ерекшеліктерді анықтау. Әртүрлі стильде мәтіндер құрастыру» тақырыбында хат, хабарлама, жарнама мазмұнын түсіну, стильдік ерекшелігін анықтау, ресми стильдегі мәтіндердің стильдік ерекшелігін анықтау (күнделік, мінездеме, түсініктеме, өмірбаян, түйіндеме), ресми-іскерлік (өтініш, нұсқаулық, ресми құттықтаулар, ұсыныстар) салаға қатысты мәтіндердің тілдік ерекшелігін анықтап, талдау жасау, публицистикалық стильдің (мақала, интервью, қысқа очерк, жолдаулар) тілдік ерекшеліктері арқылы мәтіндердің жанрын анықтау, ғылыми стильде (аннотация, пікір, тезис, мақала, баяндама, презентация) жазылған еңбектердің тілдік және жанрлық ерекшелігін анықтау мәселелеріне жан-жақты тоқталып, тәжірибесімен бөліседі. Семинар соңында  оқытушылардың тапсырмаларын орындаған тыңдаушыларға Сертификаттар беріледі.

Әрине, сертификат мұғалімдердің партфолиосы үшін қажет құжат, десек те семинардың құндылығы әлдеқайда жоғары екендігін қатысушылардың арнайы байланыс  тобындағы жазған пікірлерінен айқын аңғаруға болады.

Перуза Асылбек, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша ПҚ БАИ

Рекомендовать
Последние новости