Алакөлдік жастар сайлау науқанында белсенділік танытуда

Dalanews 10 янв. 2021 06:57 903

Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанда таңдау құқығы әр азаматқа берілгендіктен, мемлекеттің ертеңіне немқұрайлы қарамайтындардың барлығы осы жерден табылуда. Сайлауда барлық карантиндік талаптарды жіті қадағаланған.
Халықтың пікірін тыңдап, сайлаушылармен сұхбаттасу мақсатында Үшарал қаласындағы Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде орналасқан №49 сайлау учаскесіне бардық. Есіктен кіргенде залалсыздандыру туннелі орнатылған және дәрігерлер әр тұрғынның дене қызуын арнайы құралдармен тексеруде. Сақтық үшін қосымша бетперделер де қарастырылып, антисептиктер де қойылған. Дауыс берушілер арақашықтықты сақтай отырып, арнайы белгіленген жолмен жүруде.
Өмірінде алғашқы рет сайлауға қатысып, келешек үшін таңдау жасауға келгендердің бірі - Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті журналистика мамандығының студенті Асылан Маханов: «Болашақ жастардың қолында. Сондықтан да мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға әр қатарласым өз үлесін қосуы тиіс деп санаймын. Бүгінгі сайлау сондай мүмкіндіктің бірі. Себебі, біз өз дауысымыз арқылы ертеңгі күнге жол қалап, бағытымызды айқындауға септігімізді тигізбекпіз. Ал мұндай тағдыршешті сәтте ортақ істен шет қалу азаматтығымызға сын деп білемін. Өйткені, бүгінгі біздің кішкентай қадамымыз болашақтағы үлкен жетістіктердің бастауы болмақ. Бір қуантарлығы, сайлауға халық көптеп қатысуда. Өзім дауыс бергеннен кейін де сырттай бақылап тұрдым. Жастар да, қариялар да келіп таңдауларын жасауда. Ең көбі орта буындағы тұрғындар. Осы ретте жастардың да таңдау жасауға деген ықыласы арта түссе деген ниеттемін», - деді.
Шыны керек, алакөлдіктер бұл науқанда аса белсенділік танытуда. Сайлау учаскелеріне жиналғандардың қарасы көп. Бұл өз кезегінде адалдық пен әділдікке жол ашпақ. Бұл сайлауға барлық мекеме қызметкерлері де бірауыздан қатысып, өздерінің келешекке деген сенімдерін көрсетуде. Сондықтан да арнайы уақыт бөліп, ел мүддесі үшін еңбек етіп жатқан мыңнан аса қызметкер сайлауға келуде. Бұл сайлауда әр тұрғынның пікірі мен дауысы маңызды болғандықтан олар өздерінің конституцялық құқықтарының негізінде дауыс беруде.

Алмат ЕСЕНБЕК


Рекомендовать
Последние новости