Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да "Дара артефакт музейі" ашылды

Кәмшат Тілеухан 20 мая 2025 11:03

17 мамырда Қазақстанда Халықаралық музейлер күніне арналған "Музейдегі түн – 2025" дәстүрлі халықаралық акциясы басталды. Іс-шара аясында дүние жүзіндегі музейлер, галереялар және басқа да мәдени мекемелер түн жарымына дейін жұмыс істеп, әртүрлі іс-шаралар өткізді. Биыл жоғарыда аталған "Музейдегі түн" акциясы елімізде 20-шы рет өткізілуде. Осы атаулы күн аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде "Дара артефакт музейі" (Жалғыз артефакт музейі) ашылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Музей тарих факультеті оқу ғимаратының фойесіне орналасқан. 

"Бірегей музей идеясының авторы тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байгунаков болып табылады. Музейдің негізгі жәдігері – тастан жасалған жебе ұшы. Ол жаңа тас дәуіріне тиесілі. Бұл артефактіні университет археологтары (Жакен Таймағамбетов, Ғани Искаков, Досбол Байгунаков, т.б.) бұдан бірнеше жыл бұрын Түлкібас ауданындағы Қараүңгір тұрағынан қазып алған болатын. Аталған жәдігер беті шынымен жабылған қорапқа орнатылған", делінген ЖОО хабарламасында.

Оның жанына бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын адамзат қолымен жасалған қару-жарақ түрлерінің дамуын көрсететін әрі баяндайтын стендтер қойылған. Бұл стендтер алыстан ататын қару тарихын ғана емес, сонымен қатар түрлі әскери қақтығыстар мен шайқастардың сәттерін де бейнелейді.

Ақырғы стендтің төменгі жағында ағылшын тілінде "Адамзат, ойлан!" деген сөздер жазылған. Осылайша, музейді ұйымдастырушылар барлық Жер тұрғындарын бейбітшілік пен өзара келісімге шақырады да, өздерінің бастамаларында жақсылыққа жаршы болуға ұмтылады.

 


Рекомендовать
Последние новости