67P/Чурюмова-Герасименко кометасын зерттеу жаңа ілімге жол ашады

Dalanews 12 апр. 2016 02:53 1072

Бір жыл еуропалық астроном ғалымдар «Фила» (Philae) зерттеу роботы қондырған 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына қоныдрған еді. Бұл комета 1969 жылы Қазақстанның В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институтында  ашылған еді. Сол кезде Киевтен келген астрономдар Клим Чурюмов пен Светлана Герасименко Алматы қаласының іргесіндегі обсерваторияда аспан денелерін бақылап, анықтаған. Алматыдағы Астрофизика институтының жетекші ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының кандидаты Владимир Терещенкомен 67P/Чурюмова-Герасименко кометасының қалай ашылғанын бізге әңгімелеп берді.

 

kometa dalanews 0101– Владимир Михайлович, әңгімемізді 67P/Чурюмова-Герасименко кометасының қалай ашылғанын бастасаңыз орынды болар еді.

– 1969 жылы ҚазКСР ҒА қарасты Астрофизика институтының обсерваториясында қазақстандық ғалымдар Когоутек кометасы мен өзге де аспан денелеріне бақылау жүргізіп жатқан еді. Кейіннен біздің қатарымызға Киевтен келген Клим Чурюмов пен Светлана Герасименко келіп қосылды. Ол кезде біздің инстиутта орнатылған Мениск телескопы қатты қызықтыратын. Оның үстінде Алатаудың баурайындағы біздің обсерватория аспан денелерін анықтауға барынша қолайлы болатын. Сондықтан одақ бойынша танылған астрономдар Алматыға жиі ат басын бұрушы еді. Ол кезде шамасы Светлана Герасименко аспиранттық жұмысын қорғап жүрген еді. Жаз ортасы болғандықтан С.Герасименко аспан денелерін айлы түндерде еркін бақылап, зерттеу жұмыстарымен айналысқаны есімде. Ол Мениск телескопының көмегімен көптеген аспан денелерінің фотосуреттерін түсірді. Ал К.Чурюмов болса түсірілген суреттерді мұқият қарап, сүзгіден өткізді. Бір күні ол жаңа комета табылғанын қуана хабарлады. Бұдан кейін ол АҚШ-та орналасқан әлем бойынша Астрофизика орталығына жедел хат жөнелтіп, жаңа кометаны анықтағандарын хабарлап, аспан денесіне 67P/Чурюмова-Герасименко деп ат қойып, айдар таққанын хабарлады. Қалыптасқан дәстүр бойынша қай астроном кометаны ашса, аспан денесі соның атымен аталатыны белгілі.

– Сонда телескоппен аспан денелерін бақылағанда кометаны бірден айқындау қиын болғаны ғой. Тек суреттерді қарап отырып анықтайтын болғаны ма?

– Дұрыс айтасыз, телескоппен қарап отырып, кометаны бірден анықтау мүмкін емес. Тек фотосуреттерді салыстырып отырып қана комета анықталады. Фотосуреттерді бақылғанғанда оның айналасындағы өзге де аспан денелерінің орналасуын анықтауға тура келеді. Бұл асқан шыдамдалықты қажетсінетін жұмыс. Ал Клим Чурюмов асқан қырағы, әрбір аспан денесін мұқият зерттеп, оны соңына дейін зерттейтін майталман астроном болды.

– Айтыңызшы Владимир Михайлович, еуропалық ғалымдар Қазақстанда анықталған кометаны «Фила» зерттеу роботын қондыруға не үшін таңдап алды?

– О баста ғалымдар «Фила» зерттеу роботын қондыратын бірнеше кометаны іріктеп алған болатын. Соңынан олардың таңдауы 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына түсті. Жалпы күн орбитасында мыңға тарта комета анықталғаны белгілі. Ең бірінші кезекте комета Жер шарына жақын болуы керек еді. Осы тұрғыдан алғанда 67P/Чурюмова-Герасименко кометасының жолы болды деп ойлаймын. Бұдан басқа аспан денесінің күн орбитасын айналып қозғалудағы жылдамдығы да басшылыққа алынады. Айталық, 67P/Чурюмова-Герасименко кометасы 6,5 жылда күн орбитасын бір айналып шығады. Ал кейбір кометалар 6 мың жылда бір айналым жасайды. Жалпы алғанда бұл жерде үлкен есептеулер болғаны анық. Осы есептеулер мен зерттеулердің нәтижесінде таңдау 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына түскен.

– Ғалымдар «Фила» зерттеу роботын біз сөз етіп отырған кометаға сәтті қондырды. Енді бұдан ғылымға қандай пайда болады?

– Қарапайым халық бұл жобадан қандай да бір материалдық игілік күтуі мүмкін. Бірден айтайық, бұл жоба ғылымда жаңа ілім мен ұғымның пайда болуына негіз болады. Ғалымдар әлемнің жаратылысы жайындағы біраз сұрақтарға жауап алуы мүмкін. 67P/Чурюмова-Герасименко кометасына сәтті қонған «Фила» зерттеу роботы жерге қайтып оралмайтыны белгілі. Тіпті, шағын зерттеу құрылғысын діттеген жерге жеткізген «Розетта» ғарыш зонды да мәңгілікке ғарыш кеңістігінде қалып қойғанын түсінуіміз керек. Менің білуімше, «Фила» зерттеу роботы 7-8 бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізетін мүмкіндікке ие. Тіпті, оның шағын бұрғылау қондырғысы да бар. Қондырғы кометадағы алған заттарды зерттеп, оны «Розетта» зондына жібереді. Ал «Розетта» жерге жолдайды. Алынған ақпараттар бойынша ғалымдар жаңа зерттеулер бастайтыны анық. Әрине, бұл жобаны іске асыру үшін миллиардтаған еуро жұмсалып отыр. Әдетте мұндай іргелі зерттеулерді жекелеген мемлекеттер жүргізбейді. Бұл – халықаралық жоба. Қыруар қаржыны қажетсінеді. ЕуроОдақ елдері адронды коллайдер жобасына да қыруар қаржы жұмсағанын білеміз. Мұндай маңызды зерттеу жұмыстарын іске асыруда қыруар ақша желге ұшты деп ойлау дұрыс емес. Болашақта мұның қайтарымы болатына сенімдімін.

kometa dalanews 101– 67P/Чурюмова-Герасименко кометасының құрамы жайында не айта аласыз?

– Кометаның құрылымы жайында бәлен деп пікір айтуға ерте. Ғалымдар кометаның өн бойында сұйық газдар мұз болып қатып қалғанын айтып жүр ғой. Бұдан басқа кометаның диаметрі 10 шақырымға жуық екенін де анықталды ғой. 67P/Чурюмова-Герасименко орташа кометалар тобына жатады. Кометалаға қатысты мына бір жайтты айта кетуіміз керек деп есептеймін. Оқырмандарға қызықты болуы мүмкін. Әдетте түнде аспанға күз салғанда жарқырып жұлдыздардың ағып жатқанын көреміз, байқаймыз. Шындығында олар жұлдыздар емес, кометалардың ұшқыны. Кометадан бөлініп, төменге құлдилап жарқылап ағатын ұшқынның көлемі бидайдай-ақ. Бірақ оның жарқырауы орасан зор болғандықтан миллиондаған шақырымдардан бізге еркін көрінеді.

 

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ,

«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Баспасөз қызметі жетекшісі.

Рекомендовать
Последние новости