2030 жыл? Дәл осы жылы Ұлттық қордағы қаржы таусылуы мүмкін

Dalanews 26 июн. 2022 04:07 1365

Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық қорында 53,8 миллиард доллар ғана қалды. Жыл басында 55 млрд болатын. Салыстырсақ, 2014 жылы 77,2 миллиард долларды құраған.

 

Ұлттық қордың қаржысы бюджет тапшылығын жабуға жұмсалуда


Үкімет бұл қорды оңды-солды шашпағанда, бүгінде онда кем дегенде 125 миллиард доллар қаржы қордаланып жататын еді. Өйткені 2015-2021 жылдары билік ҰҚ-дан ең кемі 24,7 триллион теңге шығындаған (орта есеппен 1 доллар = 350 теңге бағамымен алғанда, шамамен 70,6 млрд доллар шығады). Оның 80%-ын кепілдендірілген трансферт ретінде алыпты.

Есеп комитетінің болжамынша, егер жұмсаудың қазіргі практикасы сақталса, онда қор 2030 жылға қара нөлге теңеледі. Үкімет оны экономиканың өсімін қамтамасыз етуге емес, жай ғана бюджет тапшылығын жабудың көзі ретінде қолданады.

Бұл ретте ведомство әлемдік экономикадағы үдерістерді, декарбонизациялау процестерін және ҰҚ-ны толтыру мен шығындаудың ағымдағы қарқынын негізге алып отыр. Осының бәрі сақталса, Ұлттық қордан түк қалмай, түгесіледі екен.


Бұған дейінгі ең ірі шығын 2021 жылға келді (2,7 трлн теңге нысаналы трансферт түрінде бөлінген), ал бұл соңғы 7 жылдағы орташа шамадан 1,7 есеге көп. Ол қаражат былтыр 126 бюджеттік бағдарлама мен кіші бағдарламалар арасында, 71 бағыт бойынша үлестірілді. Яғни ағымдағы шығыстарды өтеуге бағыттаған.

 

Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобалар қолдан қымбаттатылған


Бас аудитор Наталья Годунованың айтуынша, қордан қаржыландырылған жобалардың құнын қолдан, жасанды түрде қымбаттатуға жол берілген.

ҰҚ қаражаты тіпті жеке және заңды тұлғаларға кредит түрінде таратылған, бұл Бюджет кодексіне қайшы. Комитеттің дерегінше, 2021 жылы заңды тұлғалар нысаналы трансферт есебінен 105,7 миллиард теңге арзан несие алды.

Басқаша атқанда, бүкіл нысаналы трансферттің 5,7%-ы заем түрінде үлестіріліп кеткен.


Оның үстіне қордан бөлінген кредиттерді кейін қорға қайтару қарастырылмапты, бұл оның жинақтаушы функцияларына нұқсан келтіреді. Себебі заем қаражаттар не республикалық бюджетке, не Бәйтерек және басқа квазимемлекеттік құрылымдарға түседі. Болмаса, кредиттелген жобалар сәтсіздікке ұшырап, банкрот болып, ҰҚ қаражаты улы активке аиналып кетеді.

Н.Годунованың дерегінше, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 2015-2021 жылдары қордан берілген кредиттер үшін 54,8 млрд теңге ғана қайтарылған. Олар бюджетке түсті.

Қордың таусылуына соқтыратын тағы бір фактор. Одан алынып, игерілмеген қаражат ҰҚ-ға кері қайтарылмайды. Есеп комитеті 2015-2021 жылдары кем дегенде 72,3 млрд теңге кері оралмағанын әшкереледі. Соның 83%-ы 2021 жылға тиесілі.

 

Мұны көпшілік біле бермейді...


Есеп комитетінің байламынша, Ұлттық қорды басқарудың қолданыстағы тәжірибесінің басты кемшілігі сол, қорға жүктелген барлық міндеттер мен мақсаттардың тиімді жүзеге асуына жауап беретін бір мемлекеттік орган жоқ.

Бұдан басқа да ірі проблемалары жетіп-артылады. Қордан қаржыландырылған бүкіл бизнес-процестер бойынша бірыңғай ақпарат жоқ, оны қалыптастыру ісін үйлестіру де жолға қойылмаған.

Жалпы алғанда, Н.Годунованың түсіндіруінше, Ұлттық қордың есептік ақпараты айқын, мөлдір емес.

Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялары одағының бас директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Ұлттық қордың лайықты толықпауының тағы бір түйткілін ашып көрсетті.

– Көпшілік біле бермейді, Үкімет ТШО-ны роялти орнына экспорттық кедендік бажды төлеуге міндеттейді. Бұл ретте ТШО ЭКБ бойынша төлем үшін шетелге шығарылған мұнай түсімінен белгілі бір пайыз түрінде төлем аударады. Бұған не себеп? Роялти – Ұлттық қорға түседі, ал ЭКБ мембюджетке жолданады. Салдарынан, Қазақстанның болашақ ұрпағына арналған төлем жасанды түрде азайтылады, соның есебінен бюджет қосымша толығады, – дейді сарапшы.


Ұлттық қорды құрғанда сол кездегі Мемлекет басшысы экономиканың және бюджеттің қара алтынның құбылған құнына тәуелділігін жою міндетін қойды. Есеп комитетінің тұжырымдауынша, бұл міндет, яғни мұнай табыстарын стерилизациялау жүзеге аспай қалды. Оның орнына қордан трансферт алу көлемі тек ұлғайып барады.

 

Пандемия кезінде заманауи ауруханалар салынбады


Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы жолдауында 2022 жылы Ұлттық қордан алынатын трансферт көлемін 2 трлн теңгеге дейін азайтуды жүктеді. Араға пандемия килігіп, бұл мақсат әріге ысырылған.

Содан былтырғы желтоқсанда Парламент 2022 жылы ҰҚ-дан кепілдендірілген трансфертті – 2,4 трлн теңге, ал 2024 жылы – 2 трлн теңге көлемінде азайтып бекітті. Бірақ билік уәдесінде тұра алмады. Биылғы мамырда Үкімет пен Парламент үш жылдық бюджетті қайта қарады.

Осылайша, 2022 жылға арналған республикалық бюджетте Ұлттық қордан алынатын кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 4 триллион 30 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұған қоса, қордан 550 миллиард теңге нысаналы трансферт түрінде шығын шығарылады.

Экономист-ғалым Марат Ерғозиннің пайымдауынша, қордан 6 жылда шашылған 24,7 триллион теңге қарапайым халықтың әл-ауқатының көтерілуіне әкелмеді.

– Бұқараның қатты кедейленуі ақыр соңында Қаңтар оқиғаларына соқтырды. Ұлттық қор қаражаттарының қара халық тұрмысының жақсаруына ықпал етпеуі – қор шығыстарының жеткілікті түрде әлеуметтік бағдарланбағанын паш етеді. Оны айтасыз, бұл тіпті отандық бизнестің өркендеуіне де серпін бермеді.


Негізінен, қордан қаржыландырылған дағдарысқа қарсы жобалардың небәрі 14%-ы ғана ұзақ мерзімді актив құруға бағытталды, қалғаны – басым көпшілігі қысқа мерзімді ғана нәтиже әкеледі.

Мысал ретінде пандемиямен күреске жұмсалған миллиардтарды келтіруге болады. Оған кеткен қаржыға не заманауи ауруханалар салынбады, не жаңа индустриялар пайда болмады. Тек шетелден импортталған дайын материалдан маска тігетін, не дайын вакцинаны құтылайтын кәсіпорын құрылды. Ол өндірістер енді доғарылуда. Үкімет қателігінен сабақ алмайды, бұл бағытта жұмыс жүргізбейді. Олай болса, болашақта Ұлттық қор түбіне жетіп қалуы да мүмкін, – дейді экономист.

Сонымен бірге квазимемсектор ҰҚ-ға жекешелендіруден түсетін қаражатты толыққанды аудармайды, дивиденд төлемейді.

 

Қорды қорландара аламаз ба?


Бүгінде Ұлттық қордың қаржысына қатысты не болып жатқанын, оның әлемдегі қандай активтерге салынғанын көрсететін ақпараттық жүйе де, портал да жоқ. Сарапшы Норвегиядағы сияқты Қазақстанда да Ұлттық қорды басқарумен айналысатын жеке басқарушы компания құруды ұсынады.

Айтқандай, Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова Парламенттегі сөзіне түсініктеме беріп, тоқтамын біршама өзгертті. Ол қорға қатысты жағдайды тұрақты деп бағалады.

Егер 2021 жылғы 4 айда ҰҚ-ға 386 млрд теңге түсім түссе, ал биылғы 4 айда бұл сома 2,1 трлн теңгеге жетіпті.

Мұнай бағасының шарықтауы арқасында 2022 жылғы тек 5 айда қорға 2,9 трлн теңге түсім құйылды. Бұл бүкіл 2021 жылғы барлық түсімнен 300 млрд теңгеге көп!


Демек егер Үкімет аудиторлар мен сарапшылар айтқан барлық сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, жағдайды түзесе, түсімді аз шығындап, көп толықтырса, қор 100 миллиардтық межеге жылдам қарқынмен жақындай түсуі мүмкін. Онда 2030 жылы әлем мұнайды тұтынуды күрт кеміткенде, Қазақстан өмір сүруіне қажетті қорды қорландарып үлгере алады.

Жанат АРДАҚ, журналист, inbusiness.kz порталы

 

Рекомендовать
Последние новости