Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде осылай деді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде ұзақ жылдардан бері өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатқанын мәлімдеді.
– Біздің сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтары – тәуелсіздік, мультилатерализм, өңірлік тұрақтылық және дипломатия. Сондықтан біз жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің қозғаушы күші әрі әлемдегі бірегей әмбебап ұйым саналатын БҰҰ-ның рөлін қолдаймыз. Өз өңірімізде, сондай-ақ одан тысқары жерлерде ұзақмерзімді бейбітшілік пен даму үрдісін сақтау үшін негізгі серіктестеріміздің бәрімен конструктивті қарым-қатынас жасау маңызды деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынғанын еске салды.
Бұдан бөлек, Президент ядролық қарусыздану және қоршаған ортаны қорғау тақырыптарына ерекше назар аударды.