Бауыржан Байбек мырза, Facebook-қа қош келдіңіз!

Dalanews 28 қаң. 2020 08:02 274

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook әлеуметтік желісінен арнайы парақшасын ашып, алғашқы жазбасын қалдырды. Партия жетекшісі алғашқы жазбасында партияның көтеріп отырған мәселелерін халық болып талқылауға шақырыпты. Бұдан кейін Бауыржан Байбектің парақшасындағы жазылушылардың санын қарап едік, жүздің үстінде жазылушысы бар екеніне көз жеткіздік.

Бүгінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының әлеуметтік желіден парақша ашуы таңсық дүние емес. Менің ауылдағы шешем соңғы төрт-бес жылда әлеуметтік желіге тіркеліп, еліміздегі соңғы жаңалықтарды қалада жүрген бізден бұрын біліп отыратын болған.

Бұған дейін де «Nur Otan» партиясын басқарып, Алматы қаласы әкімі қызметін атқарған Бауыржан Байбектің Facebook-ке енді тіркеліп жатқанын алғашқыда сене алмадық. Бірақ, ата-балаларымыз «ештен кеш жақсы» деген ғой.

Өйткені қазір халық көкейде жүрген мәселелерін осы әлеуметтік желіде талқылайды. Біздіңше, елдің күйін күйттейді деген азаматтардың бәрі әлеуметтік желінің төрінде отыруы тиіс.  


Қазақстан билігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қолға алып жүзеге асырып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Ал шенділер болса әлеуметтік желіге енді тіркелуде. Қандай парадокс десеңізші.

Facebook-тің байырғы қолданушысы ретінде қатарымызға қосылып, су жаңа парақшаның иесі атанып жатқан Бауыржан Байбек мырзаға бір кеңесімді айта кетуді жөн санап отырмын.

Құрметті Бауыржан мырза, алдағы уақытта «Nur Otan» партиясының тізімімен Парламентке өткен депутаттарды бәрін Facebook әлеуметтік желісіне тіркетіп, алыс ауылдағы жағдайды менің анам сияқты қарапайым адамдардың парақшасынан бақылауларыңызға болады. Осындай жаңа тәсілге көшіп, депутаттардың ел аралауға кететін миллиондаған шығынын үнемдеуге болады.


Соынмен қатар нұротандық депутаттардың Facebook-те тіклей эфирге шығарып, халықпен етене байланыс орнатуын талап етіңіз.

Сол кезде «Nur Otan» партиясы халықтық саяси ұйымға айналады. Өзіңізде байқаған шығарсыз Facebook халықпен байланыс орнатуда таптырмас құрал.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x