"Млрд теңге шығын келтірген". Сот үкімін естіген экс-шенді орнынан тұра алмай қалды

Dalanews 09 мам. 2022 15:23 263

Шымкентте қаржы басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты. Кенжебек Жанбосынов мемлекетке 1 млрд теңге шығын келтірді деп күдікке ілінген еді. Сот үкімін естіген экс-шенді сот залында отырған орнынан тұра алмай қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz Aibat-қа сілтеме жасап.

Кенжебек Жанбосынов Шымкенттегі қаржы басқармасына төрт жыл бұрын басшы болып келген. Жылы орынға отырған 10 күннен соң қаладағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының директор алқысы болған. Алайда кейінгі міндетінде есептен жаңылып, мемлекетке 1 млрд теңге зиян келтірген.

"Шымкент қаласының жастарына арнап салынған тоғызқабатты үйдің пәтерінің бағасының негізсіз өсуін біле тұра, тиісті жұмыстар жүргізбеген", - дейді Қаратау аудандық сотының судьясы Алпысбай Нәлібаев.

Қос қызметті қатар ұстаған шенеуніктің үстінен қылмыстық іс екі жыл бұрын қозғалған. Шымкенттің бұрынғы бас қаржыгеріне соттың үкімі 5 мамыр күні шыққан. 3 жылға бас бостандығынан айырылғанын естіген шенеунік сот отырысында эмоциясын ұстай алмады.

Ал сотталушының адвокаттары сот үкімімен келіспейтіндерін бірден айтқан.

https://www.youtube.com/watch?v=cjvjYbr_0X8

"Бұл іс бойынша прокурор үш рет ауысты. Тергеу барысында қандай іспен айыпталатынын ешкім ашып айта алмады. Қосымша дәлелдер ұсына алмады", - дейді заңгер Сәкен Қасымбеков.

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Экс-шенеуніктің қорғаушылары аппеляциялық шағым түсіреміз деп отыр. Ал сотты болған Кенжебек Жанбосынов жазасын Шымкенттегі орта дәрежедегі түрмеде өтейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x