Сарқанда «Сенім» оңалту орталығы ашылып, тұрғын үй пайдалануға берілді

Dalanews 11 нау. 2022 14:34 430

Алматы облысы Сарқан қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 50 пәтерлік жалгерлік үй пайдалануға берілді. Сол сияқты 40 балаға арналған «Сенім» оңалту орталығы ашылды. Бұл Жетісу жерінде ашылып отырған 11-ші орталық, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сарқан ауданының әкімдігі қос жаңалықты қуана жеткізді. Ауданның мәліметінше, баспаналы болғандардың арасында жетім балалар, І, ІІ топтарға мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеуші, көп балалы және толық емес отбасылар, зейнеткер, Ауған соғысының ардагері, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер, тұрғын үйі апатты деп танылған отбасы да бар. Бұл 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жалпы сомасы 505,630 млн теңге қаражат жұмсалған.

– Мен осы қуанышты көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, онда балаларыма ешқандай қолайлы жағдай болмады. Енді отбасымызбен киелі шаңырағымыздың табалдырығын жаңа үмітмен, ақ ниетпен аттағалы отырмыз, – деді жаңа пәтер иесі көп балалы ана Перизат Құдиярова.

Тұрғын үйлер заман талабына сай барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ, балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған.

Тағы бір ақжолтай жаңалық - Сарқан қаласында балаларды оңалтуға арналған орталық есігін айқара ашты. Онда жалпы сомасы 37,4 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынған, соның 27,7 млн теңгесі оңалту құралдарына жұмсалды.

Мұнда MotoMed трежанеры, Вертикализатор, ERGO құрылғысы, Рецикулятор, Дэльфа-1 логопед тренажеры және басқа да құрылғылар бар. Заманауи құралдармен жабдықталған 22 кабинетте 55 жоғары білікті маман қызмет көрсетеді. Орталыққа балаларды тасымалдауға арналған арнай жаңа автокөлік те бөлінген. Ауласы абаттандырылған, балаларға арналған ойын алаңдары бар.



Нысанның ашылу салтанатына арнайы барған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат:

– Бұндай орталықтарды мейлінше көптеп ашқан жөн. Ерекше күтімді талап ететін балаларды үйде ұстамау керек. Баланы арнайы білікті мамадарға апару арқылы қандай да бір жетістіктерге жетуге болады. Сарқан ауданында ашылып отырған орталықтың ерекшелігі, бұл жерде балаларды таңнан кешке дейін қалдыруға болады. Сондай-ақ алыс ауылдардан қатынайтын ата-аналар осы орталықта 6 айға дейін қалып, емдеу барысында балаларының жанында бола алады, – деді.


Бұл нысанда әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-құқықтық бағыттар бойынша қызмет көрсетіледі.

– Оңалту орталығының қаламызда ашылғанына ризамын. Осында 11 жастағы немеремді әкелдім. Жыл сайын елордаға оңалтуға баратынбыз. Енді ешқайда сабылмай осы орталықтың мамандарына жүгінемін, баламның денсаулығында оң өзгерістер болады деп үміттенемін, – дейді сарқандық Сәулет Нұрмұхамедқызы.

Айта кетейік, орталық орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуге 27 млн теңге жұмсалған. Жалпы мұндай орталықтардың саны Жетісу жерінде 11 болса, соның 4-еуі мемлекеттік мекеме.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x