Семейлік ұстаз: "Онлайн форматта оқытуды үйрендік. Біз өз ісіміздің маманымыз"

Dalanews 17 сәу. 2020 06:19 208

Коронавирустың кесірінен әлемнің 167 елі қашықтықтан оқыту үрдісіне көшуге мәжбүр болды. COVID-19 вирусы мұғалімдерді жаңа форматта оқытуға бейімдеуде. Алайда ұстаздар мұның уақытша ауыртпалық екенін жақсы түсініп отыр.

Олар өз істерінің білгірі ретінде әдеттегідей оқушылармен жүздесіп, білгенін үйретуде. Тек бұл жолғы сабақтар онлайн форматта жүргізілуде. Бұл мұғалімдердің жаңа дүниені меңгеруіне жол ашуда.

Соның бірі – Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ұлпан Қамбелова. Жас маман өз оқушыларын сағынып қалғанын жасырмайды.


Ұлпан қашықтықтан оқыту үрдісіне байланысы өз пікірімен бөлісіп өтті.

– Жасырары жоқ алғашқыда қашықтықтан оқытуға үйрене алмай, қатты қиналдық. Алайда уақыт өте келе бұл үрдісті еркін меңгеріп алдық. Қашықтықтан оқытудың артықшылықтары бар екеніне көзім жетті.

Былайынша аса бір айырмашылық та байқалмайды. Сабағыңа тыңғылықты дайындалып, оқушыларға үйретер дүниелерді сайлап қоюға тиіссің. Бұл біз үшін үйреншікті жағдай. Барлық құрал-жабдығымыз, сабаққа арналған материалдар әр кезде сақадай-сай.

Жалғыз ерекшелігі - оқу онлайн форматта өтеді. Пікірталас негізінде өтетін сабаққа оқушылар да белсенді атсалысуда. Олар өз идеясымен бөлісіп, сабақ тапсырмаларын уақытында орындауда. 


Меніңше қашықтықтан оқыту еліміздегі оқу үрдісін жетілдіре түсетін бастамалардың бірі, – дейді Ұлпан Қамбелова.

Ұлпан өз мамандағына адал ұстаздың бірі. Өмірін осы кәсіппен байланыстырып, жетістікке жетуді көздейді. Оқу-білім саласындағы өзгерістер мен жаңашыл бастамаларды тез меңгеріп алады.

"Қазіргі өтпелі қиындыққа бола еңсені түсірмеуіміз керек", – дейді ұстаз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x